
Нұрғалиев Нұржан Нұрлыбекұлы
Шәкәрім университетінің Химия және экология кафедрасының қауымдастырылған профессоры


2007 жылы киелі Абай елінен, Жарма ауданы Қалбатау ауылынан Абай атындағы гимназияны тәмәмдап, арман қуып Алматыдағы техникалық бағытта терең білім беретін Сәтпаев университетіне 072100- «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығына мемлекеттік грантқа түсіп оқуға бұйырыпты. Мектеп қабырғасында химия және химиялық инженерия туралы ақпараттарға қызығушылық танытып, осы салада қызмет көріп өссек деген ой болған сияқты. Сол кездері мұнайхимия, жалпы мұнай индустриясы бағыты трендте болғандықтан ба, осы сала бізге өте қызықта болды. Сондай арман-тілекпен еліміздің техникалық мамандарды дайындайтын бірегей альмаматоры саналатын қазақтың біртуар ғалымы, тұңғыш академия президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Университетіне, яғни қара шаңырағымызда бакалавр және магистратура дәрежелерін алуға нәсіп болыпты. Қалаған мақсаттарымыз бен ойларымызды осы Сәтпаев университет қабырғасында жүзеге асырып, білім мен тәжірибелерімізді толығымен шыңдауға мүмкіндік алдық. Еліміздің түпкірінен келген курстастарымыз бен топтастырымыздың арасында қызықты да мерекелі уақыттарды университетте жүріп өткіздік. Замануи білімді кәсіби біліктілігі жоғары сол кездегі Геология және мұнай-газ ісі институтының «Мұнай-газ және полимерлерді химиялық өңдеу» кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамының демеуімен алдық деп анық айта аламын. Себебі білім беруші ұстаздарымыздың көбі тәжірибесі орасан зор, Кеңестік білім беру мен өндірістен тәжірибесі бар бірқатар профессорлар мен химия ғылымдарының докторлары, тіпті ҚР ҰҒА академиктері мен корреспондент мүшелері (Шайхуддинов Е.М., Ягудеев Т.А., Баярстанова Ж.Ж., Мыңбаев Б.О., Бойко Г.И. және т.б.) де дәріс беріп, тәжірибелерімен бөлісетін. Университетіміздің материалдық базасы, кітапханалары мен өндірістік тәжірибе орындары (Мұнай өңдеу зауыттары: Атырау МӨЗ, Павлодар МХЗ, Шымкент МӨЗ, пластикалық өнімдер шығаратын цехтар мен ғылыми-зерттеу институттары) арқылы теория жүзіндегі білімдерімізді іс жөнінде нақтылап бекітіп, осы салаларда маман болып қалыптасуымызға бірден-бір септігін тигізді. Студенттік өмірімізде қоғамдық та ғылыми -шығармашылық дағдыларымызды арттыруға жол ашып, жан-жақты дамуымызға мүмкіндікті Сәтпаев университетінде толығымен сезіндік. Оқу ордамыздың халықаралық абыройының арқасында магистратура деңгейінде білім алып жүріп, Шанхай ынтымақтастығы аясында ҚХР-ның Пекин қаласындағы Мұнай университетінің Химиялық инженерия факультетінде шетелдік тағайылымдамадан өттім. Әлемдік деңгейдегі профессорлардан дәріс алып, аспан асты елінің әріптестерімен тәжірибе алмастық. Окуымызды тәмәмдағанда бірнеше мұнайлы өлкелерден жұмыстар ұсынылды, бірақ университет қабырғасында ғылыми - зерттеу жұмыстарымен айналысқандықтан, ары қарай ізденушіліктің ағымымен «Д.В.Сокольский атындағы Жанармай, катализ және электрохимия» институтына қызметке орналасып, түрлі ғылыми жобалармен айналысуға жол ашылды. Сол кездері ҚБТУ АҚ-на докторантураға оқуға түсіп, ары қарай білім мен тәжірибемізді шыңдадық. Демек, Сәтпаев университеті біздерге ғылым мен өндірістің қыр-сырын үйренуге және бағыт таңдауымызды қалыптастырды. Осы химиялық инженерия бағыты бойынша 2021-2023 жылдары Ғылыми комитеті қаржыландыратын ірі қолданбалы АР09259846 «Ауылшаруашылық пен тамақ өндірісінің қалдықтарын өңдеуге арналған технологиялық процестерді басқарудың интеллектуалды жүйесі бар оңтайлы модульдік биогаз кешенін әзірлеу және құру» жобаның жетекшісі қызметін атқардым. 2024 жылы «химия инженериясы» бағыты бойынша қауымдастырылған профессор ғылыми атағына ие болдым. Сол жылдың аяғында жасыл технологиялар және тұрақты даму бағыты бойынша Берлиндегі Гумбольт атындағы университетіне «Болашақ» халықаралық стипендиясының 500 ғалым ғылыми тағайылымдасына иеленуге бұйырды.
Қазіргі таңда өз елімізде Шәкәрім университетінде ағартушылық және ғылыми-ізденушілікпен қызмет атқарудамын. Өзімнің ғылыми жетекшілерімізбен х.ғ.д., профессор Б.С.Селенова, Ж.Албаева және сүйікті оқытушымыз М.Е.Нурсултановпен әріптеспіз, сырлас болып жатқан жағдайымыз бар. Сол үшін басымызды иіп қара шаңырамызға алғыс білдіреміз.
Оқу ордамызға толағай табыс пен әлемдік деңгейдегі мәртебесі арта беруіне шын жүректен тілектеспін.