Ғылым күні Сәтбаев университеті өткен ғылым мен болашақтың технологияларын біріктірді

12 сәуір – Ғылым күні Сәтбаев университеті еліміздің ғылыми өмірінің орталығына айналды. Дәл осы күні университет қазақстандық ғылымның мұрасын, заманауи технологияларды және халықаралық ғылыми қауымдастықты бір алаңға біріктірді.
Мерекелік күн Қ.І.Сәтбаевтың ескерткішіне салтанатты түрде гүл шоқтарын қоюдан басталды. Қазақстандағы Ғылым күні Қаныш Сәтбаевтың туған күнінде оның жетістіктерінің құрметіне атап өтіледі. Академиктің немересі, профессор Алима Қаниқызы Жармағамбетованың қатысуы салтанатты шараның маңызды оқиғасы болды.
«Инженерлік және өндірістік жүйелердегі жасанды интеллект» халықаралық ғылыми конференциясының басталуы да мерекенің маңызды оқиғасы болды. Ол Қазақстан, АҚШ, Германия, Польша, Ресей және басқа да елдердің ғалымдарын біріктірді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйлеп, ғылыми әзірлемелерді практикалық өнімдер мен қызметтерге айналдырудың маңыздылығын атап өтті:
«Сәтбаев университеті жаңа трендтерді қадағалап қана қоймайды, бұл жерде әзірлемелер өндіріске тез арада жетіп, экономикаға нақты пайда әкеледі», – деп атап өтті министр.
Академик Қаныш Сәтбаевтың 10 томдық шығармалар жинағының тұсаукесері мерекелік іс-шараның айтулы сәті болды. Сәтбаев университетінің ғалымдары ұлы ғалымның бай мұрасын сақтап, оны бір жүйеге келтіру жөніндегі талай жылғы жұмыстарының нәтижесін көпшілік назарына ұсынды.
«Бұл жинақ – отандық ғылым дамуының негізгі кезеңдерінің түйіскен жері мен сабақтастық символы болып табылады. Бірақ ғылым шынымен де нәтиже беруі үшін, біз ғылыми мұраны сақтап қана қоймай, сонымен қатар зертханалық шеңберден шығатын заманауи шешімдерді де жасауымыз керек», – деді Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев өз сөзінде.
Бұл күні университет сондай-ақ бірқатар жаңа инфрақұрылымдық және инновациялық бастамалармен таныстырды. Олардың қатарында – Жетілдірілген функционалды материалдар мен олардың композиттері жөніндегі халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының ашылуы, геология, құрылыс, нано- және биотехнология салаларындағы жаңа зертханалардың іске қосылуы бар.
Қолданбалы ғылымды дамыту саласына ерекше көңіл бөлінді: мерекелік іс-шаралар барысында 12 спин-офф компанияларды құру туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұлар – инновациялық шағын кәсіпорындар, олардың мақсаты – ғылыми әзірлемелерді өндіріске жылдам енгізу. Бұл тәсіл Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген міндеттерге толық сәйкес келеді:
«Ғылымның үдемелі дамуы үшін мемлекет пен бизнестің, университеттер мен ғылыми орталықтардың күш-жігерін біріктіру қажет», – деді Мемлекет басшысы Ғылым күні қарсаңында отандық ғалымдармен кездесу барысында.
Ғылым күнін мерекелеу аясында Ақсақалдар алқасы кеңесінің салтанатты отырысы да өтіп, онда ғылымдағы ұрпақтар сабақтастығы маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Сәтбаев университетіндегі Ғылым күні ғылым, білім мен өндіріс арасындағы диалогтың ауқымды алаңға айналды, осылайша Сәтбаев университеті халықаралық байланысты нығайта отырып, еліміздің жетекші ғылыми және технологиялық орталықтарының бірі ретіндегі өз мәртебесін растады.