ҚР Ғылым және жоғары білім министрі инновациялық құрылыс материалдары өндірісін құру жұмыстарының барысымен танысты

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Сәтбаев университетінде жұмыс сапарымен болып, «STROYTECH» технопаркі аясында университет салып жатқан құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауыттың құрылысымен танысты.
Бұл зауыттың құрылысы «Тұрақты құрылыс индустриясын кешенді дамыту» жобасы аясында жүргізілуде. Болашақ кәсіпорын «STROYTECH» технопаркінің құрамына еніп, құрғақ құрылыс қоспаларын, плитка, гипс және басқа да құрылыс материалдарын шығаратын болады. Олардың барлығы Сәтбаев университетінде жасалған технологиялардың арқасында Қазақстанның климатына және заманауи құрылыс талаптарына бейімделеді.
Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған жоба қазір алғашқы нақты нәтижелерін бере бастады: ғылыми технологиялар әзірленді, құрылыс қоспаларын жеткізуге алғашқы келісімшарттар жасалды және үш спин-офф компания құрылды. Олар ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін өндіріске енгізумен айналысады. Жоба сәтті түрде жүзеге асатын болса, оның тетіктері ғылым мен білім, бизнес пен мемлекеттің табысты интеграциясының үлгісі ретінде кеңейтілетін болады.
Технопарк пен зауыттың құрылысын 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, ал өндіріс орны 2026 жылы іске қосылады. Жалпы өндіріс көлемі жылына 12,6 мың тонна құрылыс қоспасын құрайды деп күтілуде. Оның үстіне «STROYTECH» технопаркі жаңа материалдарды әзірлеу бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және құрылыс саласына қажетті мамандар даярлау алаңына айналады.
Сондай-ақ министр Сәтбаев университеті Металлургия және байыту институтының тәжірибелік-эксперименттік металлургиялық өндірісінде болды, онда композиттік материалдар мен сирек және түсті металдарды қайта өңдеу саласы бойынша әзірленіп жатқан озық шешімдердің негізгі ғылыми-технологиялық бағыттарының жұмысымен танысты. Әсіресе Корея Республикасымен серіктестік қарым-қатынас арқылы халықаралық ғылыми орталық құру жөнінде жүріп жатқан жобаға ерекше назар аударылды.
Сәтбаев университеті зертханалық әзірлемелерді толыққанды өндірістік жобаларға айналдыра отырып және Қазақстан өнеркәсібінің болашағын өзгертуге қабілетті жаңа өнеркәсіптік экожүйені қалыптастыра отырып, ғылым мен өндірістің бірлесіп жұмыс істеу қағидасын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді.