Сәтбаев университеті ғалымдар мен өндіріс орындарын біріктіре отырып, жаңа зертханалық кешен ашты

Ғылым күнін мерекелеу аясында Сәтбаев университетінде жоғары технологиялық зертханалардың ашылу салтанаты өтті, ол зертханалар нанотехнологиялар мен функционалдық материалдардан бастап, тау-кен өнеркәсібі мен құрылысты цифрлық модельдеуге дейінгі кең ауқымды бағыттарды қамтиды. Салтанатты шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ ғылыми қоғамдастық пен өндіріс өкілдері қатысты.
Жетілдірілген функционалды материалдар мен олардың композиттері жөніндегі халықаралық ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық орталығы (R&D-орталық) жаңа инновациялық кластердің орталығы болды. Орталық химиялық, физикалық және биотехнологиялық талдау жөніндегі зертханаларды біріктіре отырып, қазақстандық және шетелдік ғалымдар арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынас алаңы қызметін атқарады. Орталық ашылғаннан кейін спин-офф компаниялар мен стартаптарды құру туралы меморандумдарға қол қойылды, олардың міндеті –инновацияларды индустрияға тиімді түрде енгізу.
«STROYTECH» технологиялық паркін дамыту аясында полимербетон негізіндегі композициялық материалдардан бұйымдар жасау зертханасы да іске қосылды. Зертхана құрылысқа арналған инновациялық шешімдерді реттеумен айналысады және осы бағытта PhD кадрларды даярлау алаңына айналады. Сондай-ақ оның қатарына тағы да екі жаңа зертхана қосылды: құрылыстың перспективалы бағыттарын зерттеуге мүмкіндік беретін нанотехнологиялар мен наноматериалдар зертханалары.
Қонақтар тау-кен жұмыстарын цифрлық модельдеу жөніндегі жаңа зертханаға аса қызығушылық танытты. Зертхана тау-кен процестерін дәл талдауға және модельдеуге мүмкіндік беретін заманауи жүйелермен жабдықталған. Зертхана қазірдің өзінде еліміздің жер қойнауын пайдаланушы ірі-ірі компаниялармен, соның ішінде «Қазцинк», «Алтыналмас» және «Қазақмыс» компанияларымен ынтымақтастық қарым-қатынас жасайды.
Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаевтың айтуынша, жаңа зертханалардың ашылуы университет инфрақұрылымын жаңарту ғана емес, сонымен қатар бұл еліміздің технологиялық жаңаруына да үлес қосу:
– Біз зертханаларды жай ғана ашып қоймаймыз, біз ғылым экономика үшін жұмыс істейтін экожүйе құрамыз. Бұл инфрақұрылым өз технологияларымызды жасаудың импульсына айналады, осылайша жастарды ғылымға тартады, сөйтіп университетіміз инновациялар бойынша Орталық Азияда көшбасшы атанады», – деп атап өтті.
Сәтбаев университеті ғылыми идеялар іс жүзінде тезірек қолданыс табатын орта құруда. Осындай жаңа зертханаларды ашу арқылы университет экономиканың негізгі салаларының дамуына әсер етуші шешімдер әзірлейтін орталыққа айналуда.