Сәтбаев университетінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инженерлік шешімдерді әзірлеуге бағытталған жыл сайынғы «TOM: Almaty» мейкатоны басталды
Сәтбаев университетінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сапасын жақсартуға арналған технологиялық шешімдерді әзірлеуге бағытталған халықаралық PreTOM «TOM: Almaty» жобасының дайындық кезеңі басталды. Кездесу жас инженерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында байланыс орнатып, командалар құру алаңына айналды. «Әлеуметтік технологияларды дамыту қауымдастығы» бірлестігінің вице-президенті Сания Арапова осы жобаның даму жолы мен болашақ мүмкіндіктері туралы айтып берді.
Сұрақ: Бүгінгі күн неге арналды?
Сания Арапова: Бүгінгі күн командалардың «need knower» деп аталатын қатысушылармен – яғни шешімдер әзірленетін мүмкіндігі шектеулі адамдармен танысуға арналған. Қатысушылар олардың тұрмысында кездесетін нақты мәселелерді зерттеп, ықтималды шешім жолдарын талқылайды және болашақ прототиптердің алғашқы идеяларын қалыптастырады. Қатысушылардың жасы мен тәжірибесі әртүрлі: олардың арасында мектеп оқушыларынан бастап, 60 жастан асқан адамдарға дейін бар. Олар – қолымен жұмыс істей алатын, робототехника мен механикаға қызығатын әрі әлеуметтік мәселелерге бейжай қарай алмайтын жандар. Бүгінгі мақсат – бір жағынан жасау жолы қарапайым, екінші жағынан мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін барынша пайдалы болатын шешімдер әзірлеу. Әрбір құрылғы көпшілік қолданатын әмбебап өнім ретінде емес, нақты бір қатысушының жеке қажеттілігіне сай жасалуы керектігі өте маңызды.
Сұрақ: Мейкатон форматының басты ерекшелігі неде және командалардың жұмысы қалай ұйымдастырылған?
Жауап: Мейкатонның негізінде – әзірлеушілер мен олардың өнімдерін пайдаланатын адамдар арасында тікелей қарым-қатынас орнату жатыр. Мейкатон аясында абстрактілі инженерлік шешімдерге орын жоқ, олар жасалмайды – әрбір өнім нақты бір адам үшін жасалады. Бүгінгі кездесудің қорытындысы бойынша командалар қандай жобамен айналысатынын анықтайды. Одан кейін бір ай бойы олар өз идеяларын жетілдіріп, қажетті материалдардың тізімін дайындайды да, прототиптерді жасау процесін жоспарлайды. Бұл прототиптер екінші кезеңде – 72 сағаттық марафон барысында құрастырылады. Мұндай дайындық кезеңі өте маңызды, өйткені кейбір күрделі шешімдер алдын ала дайындықты талап етеді, мысалы, бөлшектерді 3D-принтерде басып шығару дегендей. Сондықтан бүгінгі күнді болашақ әзірлемелердің «тұқымы себілетін» кезең деп атауға болады, ал олардың нәтижесі мейкатонның негізгі кезеңінде анықталады.
Сұрақ: «TOM: Almaty» мейкатоны бірінші рет өткізіліп отырған жоқ. Ал биылғы мейкатонның ерекшелігі неде және жобаның даму жолы қалай болды?
Жауап: Биылғы мейкатонның басты ерекшелігі – мұнда барлық қатысушыларға тиімді, жан-жақты ойластырылған модельдің қалыптасуы болып отыр. Бұған дейін біз әртүрлі форматтарды сынап көрдік: әлеуметтік кәсіпорындар құруға, әмбебап шешімдер әзірлеуге, ойлап табылған өнімдерді нарыққа шығаруға тырыстық. Алайда реттеушілер тарапынан және мақсатты аудиторияның тар болуына байланысты қиындықтарға тап болдық. Соның нәтижесінде ең тиімді тәсіл – мүмкіндігі шектеулі адамдардың нақты тұрмыстық мәселелерін шешетін жеке, нысаналы шешімдермен айналысу керек екенін түсіндік. Ендігі міндет – осы модельді Қазақстанның барлық өңіріне тарату. Сондай-ақ осы тақырыпты қалыпты құбылысқа айналдыру керек. Мұндай бастамалар әлі күнге дейін кеңінен таралған тәжірибеге айналған жоқ. Дегенмен, болашақта осындай іс-шаралар қоғам үшін тұрақты әрі қалыпты дәстүрге айналуы тиіс.
Сұрақ: Осындай бастаманы жүзеге асыруға сіздерге кім көмектеседі? Университеттер көмектесе ала ма?
Жауап: Иә, әрине, бұл көбіне институционалдық мәселе, оның шешімі көп жағдайда коммуникацияға байланысты. Қиын жағдайда өмір сүріп жүрген адам мұндай үдерістерге өздігінен қосыла алмайды немесе ұйымдастырушы бола алмайды, қажетті мәдениетті қалыптастыра алмайды. Сондықтан да университеттер маңызды әлеуметтік институттар ретінде мүгедектігі бар адамдар мен инженерлік қауымдастық арасындағы байланыстырушы буын бола алады. Олар әртүрлі топтарды біріктіріп, студенттер мен зерттеушілердің әлеуетін әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттай отырып, фасилитатор рөлін атқара алады. Студенттердің әлеуеті үлкен екенін біз білеміз. Мәселе – сол әлеуетті олар қай бағытқа жұмсайтындығында. Тап қазіргі жағдайда олар оны пайдалы әрі маңызды шешімдер жасауға бағыттауы мүмкін.
«TOM: Almaty» мейкатоны – инженерлерді, студенттерді, өнертапқыштарды және мүмкіндігі шектеулі адамдарды біріктіретін халықаралық қозғалыс. Оның мақсаты – дербестікті арттыруға және қолжетімді ортаны жақсартуға бағытталған практикалық шешімдерді бірлесіп әзірлеу. Жобаны жүзеге асыру әлеуметтік технологиялардың дамуына, жастарды қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге тартуға және инклюзивті орта қалыптастыруға ықпал етеді. Бастама сондай-ақ тұрақты даму мақсаттарының сапалы білім беруді қамтамасыз ету, теңсіздікті азайту және қоғам игілігі үшін инновацияларды дамыту сияқты қағидаттарына үлес қосады.
Бұл бастаманы дамыту тек технологиялар туралы ғана емес, сонымен қатар инновациялар нақты адамдарға және олардың күнделікті қажеттіліктеріне қызмет ететін өзара жаңа байланыс мәдениетін қалыптастыру туралы. Әзірленген шешімдер тек мейкатон қатысушыларына ғана көмектесіп қоймай, сондай-ақ технологиялар адамдардың күнделікті өмірін қалай өзгерте алатынының үлгісіне айналады деп күтілуде. Бұл Қазақстанда анағұрлым қолжетімді және инклюзивті орта қалыптастыруға ықпал етері сөзсіз.



