Алматы қаласының жас геологтары Сәтбаев университетінде өткен XI ашық олимпиадада өз жобаларымен таныстырды
Алматы қаласының мектеп оқушылары арасында XI қалалық ашық геологиялық олимпиада өтті, оны Сәтбаев университеті мен Алматыдағы Оқушылар сарайы бірлесе отырып ұйымдастырды. Іс-шараға қаланың 17 мектебінің оқушылары қатысты, бұл олардың геологияға деген ғылыми қызығушылықтарын дамытуға және ерте кезден кәсіби бағдар беретін маңызды алаңға айналды.
Олимпиадаға 6–11-сынып оқушыларының командалары қатысып, олар геологиялық зерттеулерге, экологиялық мәселелерге және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға арналған ғылыми жобаларын ұсынды. Сонымен қатар олар Жер туралы ғылымдар саласындағы теориялық білімдері мен өз бетінше ғылыми жұмыс жүргізе білу дағдыларын көрсетті. Әсіресе оқушылардың аналитикалық ойлау қабілетін дамытуына, презентация жасау шеберлігіне және практикалық міндеттерді ғылыми тұрғыда шешу қабілеттеріне ерекше назар аударылды.
Олимпиаданың барлық қатысушылары сертификаттармен марапатталды, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Бас жүлде – «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» білім беру бағдарламасы бойынша Сәтбаев университеті ректорының білім гранты – 11-сынып оқушылары арасындағы үздік қатысушыға бұйырды.
Мұндай олимпиадаларды жиі өткізіп тұру геологиялық білімді кеңінен насихаттауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және мектеп пен университет арасындағы байланысты нығайтуға ықпал ететінін ұйымдастырушылар баса атап өтті. Олимпиада барысында сонымен қатар педагогтар арасында, үйірме жетекшілері мен жас геологиялық бірлестіктер өкілдері арасында тәжірибе алмасу алаңы ұйымдастырылды.
Сәтбаев университеті үшін бұл іс-шара Қазақстан мен Орталық Азия экономикасының тұрақты дамуына қажетті геология және жер қойнауын пайдалану саласы бойынша болашақ мамандарды даярлауға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бір бөлігі болып табылады. Университет болашақ студенттердің бойында зерттеу дағдыларын дамытып, олардың экологиялық ойлау қабілетін қалыптастырады, әрі климаттың өзгеруі мәселелеріне саналы көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде өңірдегі өзекті ғылыми және экологиялық мәселелерді шешуге қабілетті жаңа буын мамандарды даярлауға берік негіз болып табылады.



