Алматыға әр елден келген ғалымдар сейсмикалық қауіпті аймақтарда қала салудың қауіпсіздігін талқылады
Сәтбаев университетінде Euro-Asian Forum «SEISMO – 2026» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті, ол сейсмикалық тұрғыда төзімді құрылыс пен инженерлік сейсмологияның өзекті мәселелеріне арналды. Іс-шараға әртүрлі елдерден келген ғалымдар мен мамандар қатысып, сейсмикалық қауіпті аймақтарда ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалық төзімділігін қамтамасыз ету, жер сілкінісінен туындайтын тәуекелдерді инженерлік және заңнамалық шаралар арқылы, ғылыми зерттеулер мен білім беру бағдарламалары арқылы төмендету мәселелері бойынша өзекті баяндамалар жасады.
Конференцияның негізгі мақсаты – ғылыми зерттеулер жүргізу және ғимараттардың көтергіш конструкцияларын есептеу мен жобалау бойынша нормативтік құжаттарды жетілдіруге қажетті эксперименттік базаның қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылау. Конференцияның модераторы – Сәтбаев университеті Сәулет және құрылыс институтының директоры Болат Құспанғалиев болды.
Қатысушылар сейсмикалық төзімді құрылыс нормаларын жетілдіруге бағытталған жаңа ғылыми және техникалық әзірлемелерін ұсынды. Бұл әзірлемелер жас ғалымдар мен мамандарды даярлауда аса құнды болып табылады. Әсіресе сейсмикалық тәуекелдерді төмендетуге ерекше назар аударылды, өйткені Қазақстан аумағының шамамен 60 пайызы әртүрлі сейсмикалық қарқындылықтағы аймақтарға жатады, ал елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысы жоғары сейсмикалық аймақтар қатарына кіреді.
Конференция сейсмикалық төзімді құрылыс саласындағы көрнекті ғалым, инженер-құрылысшы, техника ғылымдарының докторы, Қазақстандық СЕЙСМО қауымдастығының (ҚАЗАСА) президенті, құрметті құрылысшы академик Миркен Абақановтың 80 жылдық мерейтойына арналды. Ол көптеген жылдарын ғимараттардың көтергіш конструктивтік элементтері мен конструкцияларының сейсмикалық тұрақтылығын зерттеуге арнады. Ғалым – сейсмикалық төзімді және болаттан жасалған конструкцияларды жобалау нормаларына арналған өнертабыстардың, монографиялардың, оқулықтардың, ғылыми мақалалар мен еңбектердің авторы.
Конференция барысында мерейтой иесі «Қазақстан Республикасының сейсмикалық төзімді құрылыс нормаларын өзектендіру мәселелері жөнінде» атты тақырыпта баяндама жасап, әріптестері мен достарынан құттықтаулар қабылдады. «Біздің басты мақсатымыз – ғалымдар мен мамандардың өздерінің жаңа әзірлемелері мен ғылыми жетістіктерін осы алаңда ұсынуы. Бұл жас ғалымдар мен жоғары білікті мамандарды даярлау үшін аса қажет», – деп атап өтті ғалым.
Жиынға қатысушылар сейсмикалық төзімді құрылысты дамытуға елеулі үлес қосқан көрнекті ғалымдардың жетістіктерін атап өтті, әрі оларды «Сейсмикалық төзімді құрылысты дамытуға қосқан үлесі үшін академик Т.Ж. Жүнісов атындағы» медальмен және «Сейсмикалық қауіпсіздік саласында ғылым мен техниканы дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады. Сондай-ақ ғимараттар мен құрылыс орындарын сейсмикалық әсерлерге есептеу кезінде Қазақстан, Ресей және Қырғызстан нормаларын қолдану ерекшеліктері бойынша салалық инженерлік компаниялар өкілдерінің қатысуымен шеберлік сабағы өтті.
Конференция қорытындысы бойынша Қазақстандағы сейсмикалық төзімді құрылыстың өзекті мәселелерін қамтитын резолюция қабылданды. Оның аясында Сәтбаев университеті базасында сейсмикалық төзімді құрылыс саласы бойынша студенттік стартаптар мен халықаралық зерттеу жобаларын дамытуға арналған, сейсмоплатформамен жабдықталған өндірістік-эксперименттік база құру жөнінде ұсыныс енгізілді. Аталған резолюция білім және ғылым, өнеркәсіп және құрылыс саласындағы уәкілетті министрліктерге, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігіне жолданатын болады.




