Ақпарат:

23 қазан 2025 681

Эверестің үш ережесі: Сәтбаев университетінде Мақсұт Жұмаевпен кездесу өтті

Эверестің үш ережесі: Сәтбаев университетінде Мақсұт Жұмаевпен кездесу өтті

Сәтбаев университетінде әйгілі қазақстандық альпинист – Жер шарындағы барлық 14 сегізмыңдық шыңды оттегісіз бағындырған жалғыз қазақстандық азамат Мақсұт Жұмаевпен кездесу өтті. Мақсұт Жұмаевтың спорттық жолы Сәтбаев университетінің альпинизм секциясынан басталған еді, дәл осы секция қазақстандық альпинизм мектебін қалыптастырып, Эвересті бағындырған алғашқы қазақстандық азаматты бүкіл әлемге танытқан болатын. Альпинист бұл кездесуді таудағы қауіпсіздік тақырыбына арнады. Кездесу барысында ол өз спорттық жолы туралы айтып, студенттердің сұрақтарына жауап берді және Эверестке жасаған экспедициялары туралы екі деректі фильм көрсетті.

Студенттердің алдында сөз сөйлеген Мақсұт теңіз деңгейінен 8000 метр биіктікте – яғни қатты суықта, қысымның төмендігі мен оттегінің жетіспеушілігі адам үшін аса қауіпті жағдай саналатын биіктіктегі «өлім аймағында» өмір сүрудің үш ережесімен бөлісті. Онда адам тіпті оттегі баллонымен де бір тәуліктен артық тұра алмайды. Дәл осы биіктікте 1996 жылы қазақстандық альпинист, «қар барысы» атағын иеленген Анатолий Букреев ерлік жасап, әлемдік альпинизм тарихында өшпес із қалдырды. Эверестке көтерілу кезінде ол қарлы боранға тап болған үш альпинисті жалғыз өзі құтқарып қалды. Осы ерлігі үшін кейіннен ол «Ерлігі үшін» медалімен және Дэвид Соулс атындағы Американдық альпинистік клубтың сыйлығымен марапатталды.

Мақсұт Жұмаев жас инженерлерге Букреевтің ерлігі туралы айтып, тауда мұндай қайғылы оқиғалардың жиі кездесетінін атап өтті. Сол себепті тіпті қала маңына демалыс күнгі серуенге шыққанда да сақтық шаралары мен қауіпсіздік ережелерін сақтау аса маңызды екенін айтты. Әрі альпинист өзін-өзі ұстай білудің, этиканы сақтаудың және тауда өзімшілдікке орын жоқ екенін түсінудің қаншалықты маңызды екенін өз басынан өткен нақты оқиғалар мен жеке тәжірибесі арқылы көрсетті.

«Альпинизм – бұл тек романтика мен ғажайып көріністер ғана емес. Әрбір шыңның артында жауапкершілік пен тәртіп тұрады. Бүгінде көпшілік адамдар тауға әдемі суретке түсіп, селфи жасау үшін ғана барады. Алайда ең бастысы – осы қарапайым серуеннің өзі соңғы болып қалмауы үшін, өз-өзіңді дұрыс ұстап, қауіпсіздікті сақтау керек», – деп атап өтті Жұмаев.

Қазақстанда жауапкершілік және табиғатпен үйлесімді қарым-қатынас жасау мәдениетін қайта жаңғырту үшін Мақсұт Алматыдағы бірнеше жоғары оқу орындары базасында альпинистік клубтар ашуды ұйғарып отыр. Сәтбаев университетінде «Альпклуб» университет қабырғасында бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан «Mountain club» негізінде ұйымдастырылатын болады. Бұл клуб табиғатпен жақындастырып, өзін альпинистік қауымдастықтың бір бөлігі ретінде сезінгісі келетін жандардың бәріне арналған шығармашылық орта болмақ.

Еліміздегі тұңғыш техникалық университет ретінде Сәтбаев университеті экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен тұрақты туризмді дамытуға ерекше көңіл бөледі. Тиімді демалыс, табиғатты аялау, қауіпсіздік және өзара көмек көрсету мәдениеті – заманауи экологиялық ойлаудың маңызды элементтері. Осындай бастамалар арқылы студенттер тек өз қауіпсіздігін ғана ойламай, сонымен қатар таудағы тірі экожүйенің бір бөлшегін көріп, оларға құрметпен қарауды үйренеді.

Эверестің үш ережесі туралы толығырақ біліп, «Альпклубтың» мүшесі болғыңыз келсе, Мақсұт Жұмаевпен Instagram арқылы байланыса аласыз.

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту