Ғарышқа алғашқы қадам: Сәтбаев университетінде ActInSpace 2026 халықаралық хакатонының бірінші кезеңі өтті
Сәтбаев университінде ActInSpace 2026 халықаралық ғарыштық хакатонының бірінші кезеңі өтті. Бұл – әлемнің 30-ға жуық еліндегі 50-ден астам қаланы біріктіретін жаһандық білім беру және инженерлік-кәсіпкерлік бастама. Қазақстандық алаң біртұтас халықаралық кеңістіктің бір бөлігіне айналып, онда пәнаралық командалар 24 сағат бойы нақты технологиялық сын-қатерлермен жұмыс істеді, ол жұмыстарды ғарыш саласының ірі ойыншылары – Францияның Ұлттық ғарыштық зерттеулер орталығы (CNES), Еуропалық ғарыш агенттігі (ESA), Airbus және Thales Alenia Space ұсынды.
Хакатонды ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Алан Қазкенов өзінің құттықтау сөзімен ашты. Ол жиналғандарды құттықтап, Қазақстанның ғарыш саласын дамытуда хакатонның маңызы өте зор екенін атап өтті:
– Қазіргі ғарыш саласында әртүрлі техникалық мамандар сұранысқа ие болып отыр, — деді Алан Аманжолұлы, – әсіресе электроншылар, бағдарламашылар, автоматика, математика және қолданбалы жүйелер мамандары өте қажет. Жастар болашақта қай бағытта дамығысы келетінін студенттік кезден бастап түсінуі өте маңызды, ал біз оларға барлық жағынан қолдау көрсетуге дайынбыз.
ActInSpace 2026 хакатоны инженерлік ойлауды дамытуға ғана емес, сонымен қатар жас инженерлерге әлемдік экономиканың ең жоғары технологиялы салаларының бірінде халықаралық стартаптың негізін қалауға мүмкіндік береді. Іріктеу турының жеңімпаздары Францияда өтетін халықаралық финалда ұлттық деңгейде өз жобаларымен таныстыруға мүмкіндік алады, әрі Еуропалық ғарыш агенттігі мен Франция ғарыш агенттігінің қолдауымен инкубациялық және акселерациялық бағдарламалар аясында өз идеяларын одан әрі дамытуға жолдама алады.

– Біз жастар мен стартап-қоғамдастығы тарапынан көрсетілген өте жоғары қызығушылықты байқап отырмыз – Қазақстан ActInSpace қатысушыларының саны 100 адамнан асқан санаулы елдердің біріне айналды, – деді Team Europe Initiative on Digital Connectivity in Central Asia жобасы цифрлық инновациялар бағытының жетекшісі Жайна Сұлтанова. – Жас инженерлердің ойлау жүйесі стандартқа мүлде келмейтін, нағыз ғарыштық деңгейдегі ой-сана, бұл өз кезегінде өңірде ғарыштық және кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыру үшін мол әлеует бар екенін көрсетеді.
Сәтбаев университеті ActInSpace бастамасын қолдай отырып, осы хакатонды студенттер мен жас зерттеушілерді халықаралық инновациялық экожүйеге кіріктірудің, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің және ғылым мен технологияның, әрі кәсіпкерліктің тоғысында жұмыс істей алатын, бәсекеге қабілетті инженер мамандарды қалыптастырудың тиімді құралы ретінде қарастырады.
Қазақстанда өткен ActInSpace 2026 халықаралық хакатонының жеңімпаздары анықталды:
1-орын – «Suniverse» командасы: Жанұзақ Ақмарал Асылбекқызы, Талайбекқызы Гаухар, Жанатайұлы Жігер, Сақпаев Қанат, Сабитұлы Мейірбек.
«Internship in aerospace committee’s company» «EarthAI» командасы: Артықбай Сәуірбек Әліұлы, Қалжанов Нұрлыхан Ерланұлы.
«Free pass to the incubation program» – «NeuralX» командасы: Сартаев Айдар, Тоқпан Бахтияр, Қапаш Расул, Нұрпейісов Ерасыл, Саратовкин Олег.




