Сәтбаев университеті EduFusion NSG жобасы аясында білім беру саласы бойынша халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда
Сәтбаев университетінде Erasmus+ халықаралық жобасы “Edu-Fusion Network for Sustainable Growth (EDUFUSION NSG)” басқару кеңесінің бірінші жылдық қорытынды отырысы (1st Year Management Board Meeting) өтті. Жоба тұрақты білім беруді дамытуға және Еуропа мен Орталық Азия университеттері арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға бағытталған. Отырысқа жетекші жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдардың және халықаралық серіктестердің өкілдері қатысты.
Отырысты Сәтбаев университетінің ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректоры Ержан Көлдеев құттықтау сөзімен ашып, ғылым мен білімнің дамуы халықаралық ынтымақтастық қарым-қатынассыз мүмкін емес екенін атап өтті:
«Ғылым мен білімнің шекарасы да, ұлты да жоқ. Біз мұндай жобалар өзара түсіністікті нығайтып, ғылыми жаңалықтарға және ортақ жетістіктерге жол ашады деп сенеміз», – деді ол.
Жобаның үйлестірушісі, ENTER ұйымының президенті, профессор Жозе Карлос Квадрадо бастаманың алғашқы жылының қорытындысына шолу жасап, консорциумның айтарлықтай жетістіктерін атап өтті. Қатысушылар бағдарламаны одан әрі дамыту, қатысушыларды сертификаттау және серіктес елдердегі білім беру үдерістерінің сапасын бақылауды жүзеге асыратын ұлттық мониторингтік комитеттер құру мәселелері жөнінде талқылады.
Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және қазақстандық білім беруді қолдауға қосқан зор үлесі үшін профессор Квадрадо Қазақстан Жоғары мектебі ұлттық академиясының шетелдік мүшесі болып сайланды. Осы құрметті атақ пен академик куәлігін оған Орталық Азия Аккредиттеу агенттігінің вице-президенті Ахметжан Көшен табыс етті. Сонымен қатар профессор Квадрадо әл-Фараби атындағы төсбелгімен – Қазақстандағы білім беру саласы бойынша ең беделді марапаттардың бірімен марапатталды.
«Маған көрсетіліп отырған зор құрмет үшін шын ризашылығымды білдіремін және Қазақстан мен Орталық Азияда академиялық дамуды одан әрі қолдауға уәде беремін. Мұндай жобалар – халықаралық білім біздің бәрімізді бірге өсуге жетелейтін көмектің үлгісі», – деді профессор Квадрадо.
EduFusion NSG жобасы Еуропа мен Орталық Азия университеттерін тәжірибе алмасу үшін, инженерлік және техникалық пәндерді оқыту сапасын арттыру үшін, инженерлердің кәсіпкерлік дағдыларын (entrepreneurship skills for engineers) дамыту және білім беру бағдарламаларына тұрақты даму қағидаттарын интеграциялау үшін біріктіреді.
Қазақстанның жетекші техникалық жоғары оқу орны ретінде Сәтбаев университеті бұл жобаны іске асыруға белсенді түрде қатысып, инженерлік және инновациялық білім беру саласы бойынша осы өңірдегі халықаралық орталық ретінде де өз рөлін нығайтуда.



