Сәтбаев университеті, ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті және Алматы қаласының ТЖД стратегиялық салалардың қауіпсіздігін арттыру үшін бірігуде
Сәтбаев университетінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласы бойынша бірлесіп білім беру, ғылыми және сараптамалық бастамаларды дамытуға бағытталған үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Салтанатты түрде қол қою рәсіміне университеттің Ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректоры Ержан Көлдеев пен ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Рашид Дубаев қатысты.
Тараптар заманауи қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі техникалық білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу және оларды жаңарту жөнінде келісім жасады. Сонымен қатар тау-кен байыту, металлургия, геологиялық барлау, жылу энергетикасы, химия, құрылыс, көлік және машина жасау салаларында өнеркәсіптік қауіпсіздік бағытында ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру жоспарлануда.
Серіктестік қарым-қатынас аясында жобалық жұмыстарға сараптама жасауға қатысу, конференциялар мен семинарлар ұйымдастыру, бірлескен жарияланымдар дайындау, нормативтік-құқықтық актілер мен оқу-әдістемелік әдебиеттерді әзірлеу, сондай-ақ мамандардың біліктілігін арттыру көзделіп отыр.
Меморандумға қол қою өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін және Қазақстанның тұрақты дамуы үшін қажетті инженер кадрларын даярлау жолындағы маңызды қадам болды. Аталмыш жиын жуырда университетте Қаныш Сәтбаевтың ғылыми жетістіктеріне арналып ашылған «Қаныш Әлемі» атты жаңа аудиторияда өтті. Бұл – инженерлік дәстүрдің сабақтастығы мен елдегі өнеркәсіптің қауіпсіз дамуына деген жауапкершіліктің символы болып табылады.



