Сәтбаев университеті мен LocoSystems KZ өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды
2025 жылғы 31 қазан күні Сәтбаев университеті мен LocoSystems KZ компаниясы теміржол жылжымалы құрамының тежегіш жабдықтарын өндіру және дамыту технологиялары бойынша құзыреттер орталығын құру туралы ынтымақтастық келісіміне қол қойды.
Орталықты құрудың мақсаты – Қазақстанда тежегіш жүйелер компоненттерін өндірудің тиімділігін, сапасын және технологиялық деңгейін арттыру, сондай-ақ заманауи инженерлік шешімдерді теміржол саласына енгізу болып табылады. Алғашқы кезеңде қызмет тежегіш колодкаларының блоктарын шығару, жөндеу және сервистік қызмет көрсетуге бағытталады.
Болашақта Орталық пневматикалық және тежегіш жүйелер саласында құзыреттерді дамыту бойынша елдегі ең ірі алаңға айналмақшы. Мұнда тораптарды жобалау, сынақтар жүргізу, инновациялық технологияларды енгізу және жоғары білікті инженерлік кадрларды даярлау жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар цифрлық диагностика мен пойыз қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағыттарына ерекше назар аударылатын болады.
Жоба Қазақстан Республикасының жетекші техникалық жоғары оқу орны – Сәтбаев университетімен бірлесе отырып жүзеге асырылуда, бұл ғылыми әлеуетті, білім беру бағдарламаларын және өндірістік тәжірибені бірыңғай технологиялық экожүйе шеңберінде біріктіруге мүмкіндік береді. Орталық ғылыми-зерттеу базасын және халықаралық серіктестікті белсенді түрде дамытуды көздейді.
Орталықтың ашылуы 2026 жылдың көктеміне жоспарланып отыр. Шығарылатын өнімдер мен әзірленетін шешімдер Кеден одағының «Теміржол жылжымалы құрамының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің (ТР ТС 001/2011) талаптарына және халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетін болады.



