Сәтбаев университеті мен Шығыс Қытай технологиялық университеті бірлескен зерттеулер мен академиялық алмасу туралы келісім жасады

Наурыз айының соңында Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев бастаған делегация өзара академиялық ынтымақтастық пен халықаралық алмасуды нығайту мақсатында Шығыс Қытай технологиялық университетіне (ECUT) барды.
Сапар барысында екі университет өкілдері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, алдағы әріптестік қарым-қатынастар жайлы талқылады. Кездесу барысында ірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, оқытушылар мен студенттердің өзара академиялық алмасуы, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында ғылыми орталықтар мен зертханалар құру туралы келісімдерге қол жеткізілді.
Шығыс Қытай технологиялық университеті – Қытайдың жетекші ғылыми-зерттеу университеті, ол 1956 жылы құрылған. Бастапқыда ол Тайгу геологиялық мектебі ретінде құрылды, кейінірек Қытайдағы заманауи энергетикаға маманданған алғашқы колледж болды. Университет алғашқы күннен бастап оқу мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын біріктіруге талпынуда, оның кампустарында 19 ұлттық және провинциялық зертханалар орналасқан.
Бұл кездесу Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара ғылыми қарым-қатынас үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, халықаралық ынтымақтастықты дамытуда маңызды қадам болатынын Сәтбаев университеті ерекше атап өтті.