Ақпарат:

5 наурыз 2026 620

Сәтбаев университеті мен Técnicas Reunidas болашақ инженерлерге Испанияда тағылымдамадан өтуге жаңа мүмкіндіктер ұсынады

Сәтбаев университеті мен Técnicas Reunidas болашақ инженерлерге Испанияда тағылымдамадан өтуге жаңа мүмкіндіктер ұсынады

Сәтбаев университетінде испаниялық Técnicas Reunidas инженерлік корпорация өкілдерімен кездесу өтті. Делегацияны компанияның бас директоры Оскар Ломбера Вильота және Қазақстандағы филиалының Country HR&GS Manager-і Фирангиз Маммадова бастап келді. Сапар аясында қонақтар университеттің жаңа проректоры Сауле Шерубаймен кездесті. Кездесу барысында екі жақ тараптар ынтымақтастық қарым-қатынастың стратегиялық маңызын растап, өзара серіктестік бағдарламаларды одан әрі дамыту мәселелері туралы талқылады.

Ресми кездесу сәтінен кейін компания өкілдері инженерлік мамандықтарды бітіруші студенттер үшін ақпараттық сессия өткізді. Қатысушыларға Испанияда алты айлық тағылымдамадан өтудің шарттары, халықаралық жобалардағы мансаптық мүмкіндіктер және үміткерлерге қойылатын талаптар туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Técnicas Reunidas – энергетика және мұнай-химия өнеркәсібі нысандарын жобалау мен салу саласы бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады. Компания сондай-ақ жаһандық энергетикалық өтпелі кезеңді жүзеге асыруда негізгі ойыншылардың бірі болып саналады.

Фирангиз Маммадова атап өткендей, компания үміткерлер қатарынан халықаралық ортада жұмыс істеуге дайын және инженерлік мансапты саналы түрде таңдаған, ынталы түлектерді көргісі келеді:

«Үміткер қандай жолды таңдап отырғанын өзі нақты түсінуі біз үшін өте маңызды. Инженерлік мамандық – бұл кеңседе отырып, тек сызбалармен ғана жұмыс істеу емес. Ең үздік мамандар жобаларды тікелей өндірістік алаңдарда жүзеге асыруға қатысады: бұл құрылыс қалашықтары, әртүрлі климаттық жағдайларда жұмыс істеу – ыстық елдерден бастап, өте суық өңірлерге дейін. Бұл – үлкен мүмкіндік, мансап бойынша жылдам өсу және лайықты еңбекақы, бірақ сонымен қатар үлкен кәсіби жауапкершілікті де талап етеді», – деп атап өтті Фирангиз Маммадова.

Сәтбаев университетімен серіктестік Técnicas Reunidas корпорациясы үшін –өз қызмет аймақтарында зияткерлік капиталды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі болып табылады. Тағылымдама бағдарламасы қабылдаушы ел тарапынан толық қаржыландырылады және екі кезеңнен тұрады: жобалық инжиниринг бойынша үш айлық онлайн-курс және Мадрид қаласындағы бас кеңседе үш айлық тәжірибелік практикадан өту. Қатысушылар профильдік департаменттерге бөлініп, нақты халықаралық жобалармен жұмыс істейді. Кейін үздік нәтижеге жеткен қатысушылар компанияда жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады. Осылайша, Сәтбаев университеті мен Técnicas Reunidas арасындағы өзара серіктестік студенттерге халықаралық инженерлік экожүйеге қол жеткізуге мүмкіндік беріп, жаңа буын инженерлердің әлемдік деңгейдегі кадрлық резервін қалыптастырады.

Өткен жылы Сәтбаев университетінің екі студенті осы тағылымдама бағдарламасын сәтті аяқтап шықты. Практика қорытындысы бойынша олардың екеуі де Técnicas Reunidas компаниясынан жұмысқа орналасу туралы ұсыныс (job offer) алды. Бұл біздің студенттердің дайындық деңгейінің жоғары екенін және университет пен халықаралық инжинирингтік корпорация арасындағы ынтымақтастықтың практикалық тиімділігін дәлелдейді.

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту