Сәтбаев университеті мен «Жасыл Алматы» қалалық ортаның тұрақты даму саласы бойынша ынтымақтастықты бастайды
Сәтбаев университеті мен Алматы қаласы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының «Жасыл Алматы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тұрақты қалалық ортаны дамыту және экология саласы бойынша ынтымақтастық қарым-қатынас туралы меморандумға қол қойды.
Екі жақ тараптар тұрақты даму, экология, инженерлік және цифрлық шешімдер бағыттары бойынша бірлескен бастамаларды дамыту, сондай-ақ Сәтбаев университетінің студенттері мен түлектерін нақты жобаларға тарту және өндірістік тәжірибеден өткізу ісін қамтамасыз ету жөнінде келісім жасады. Ынтымақтастық қарым-қатынас аясында қолданбалы зерттеулерге, ғылыми жобалық жұмыстарға және қалалық инфрақұрылымды басқару ісіне заманауи технологиялық тәсілдерді енгізуге ерекше көңіл бөлінетін болады.
– Бұл ынтымақтастық байланыс екі тарап үшін де үлкен мүмкіндіктерге жол ашады деп сенемін, – деді Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев кездесуде. – Біз қаламызды таза әрі жайлы ету үшін қажетті технологиялар мен қолдауды ұсынуға дайынбыз. Сонымен қатар біздің университетте Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) орталығы жұмыс істейді, оның бізге қандай оң әсер беретінін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Сондықтан да ресурстарды ұтымды пайдалану бағыты бойынша біздің ауқымды жоспарларымыз бар.
Ауа тазарту, су ресурстарын басқару және ресурстарды ұтымды пайдалану салалары бойынша ынтымақтастық қарым-қатынас жасаумен қатар меморандум университет студенттері үшін жыл бойы кәсіби тәжірибелер мен тағылымдамадан өтуді, бірлескен ғылыми-практикалық жобаларды іске асыруды, сараптамамен және оқыту әдістемелерімен өзара алмасуды, сондай-ақ қалалық орта үшін қажетті кадрларды даярлау ісін де қамтиды. Ынтымақтастық қарым-қатынастың нәтижесінде екі жақ тараптар нақты бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға арналған ұзақ мерзімді алаң қалыптастыруды көздеп отыр.
Меморандумға қол қою ғылым мен қалалық практика арасында жүйелі серіктестікті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып табылады. Бұл серіктестік қарым-қатынас мегаполистің өзекті экологиялық және инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге бағытталған. Университеттің ғылыми әлеуеті мен «Жасыл Алматының» практикалық тәжірибесін біріктіру қалалық ортаға тұрақты шешімдерді енгізумен қатар оңтүстік астананың жауапты әрі ұзақ мерзімді дамуын көздейтін жаңа буын мамандарды қалыптастыруға мүмкіндік беретініне екі жақ тараптар зор сенім білдірді.



