Сәтбаев университеті профессор Сейдулла Абдуллаевты республикалық байқауда жеңіске жетуімен құттықтайды
Сәтбаев университетінің ұжымы басшылық пен әріптестері атынан М. Тынышбаев атындағы Көлік инженериясы және логистика мектебінің жетекшісі, профессор Сейдулла Сейдеметович Абдуллаевты «ЖОО-ның үздік оқытушысы–2025» республикалық байқауында жеңіске жетуімен шын жүректен құттықтайды.
Бұл мәртебелі атақ оның жоғары кәсіби шеберлігінің, көпжылдық ғылыми-педагогикалық табысты еңбегінің және Қазақстан Республикасының жоғары білім беру жүйесін дамытуға, сондай-ақ М. Тынышбаев атындағы Көлік инженериясы және логистика мектебінің қалыптасуы мен дамуына қосқан зор үлесінің айқын мойындалғаны болып табылады.
Аталған жеңістің символдық мәні өте ерекше, өйткені Сейдулла Сейдеметович бұл жоғары атаққа алғаш рет 2014 жылы ие болған еді. Биылғы жеңіс – оның кәсіби қызметіндегі екінші жеңісі, бұл – тұрақты түрдегі жоғары нәтижелердің, мамандыққа деген адалдықтың және кәсіби тұрғыда үздіксіз дамуға ұмтылыстың айқын көрінісі.
М. Тынышбаев атындағы Көлік инженериясы және логистика мектебі профессор Абдуллаевтың басшылығымен уақыт талаптары мен қоғам қажеттіліктеріне сай келетін заманауи білім беру кеңістігін белсенді түрде қалыптастырып келеді. Мұнда еңбек нарығының сұраныстары мен қазіргі заманғы үрдістер ескеріле отырып, білім беру бағдарламаларын реформалау жүзеге асырылуда, жаңа пәндер енгізілуде, оқу үдерісінде цифрлық технологиялар мен ақпараттық-коммуникациялық құралдар кеңінен қолданылуда. Әсіресе білімді бағалау жүйесін жетілдіруге, жобалық қызметті дамытуға, әлеуметтік және креативті тапсырмаларға, оқытушылардың біліктілігін арттыруға, білімнің қолжетімділігін кеңейтуге, қаржылық қолдау мен шәкіртақы бағдарламаларын енгізуге, сондай-ақ қашықтықтан оқыту және аралас оқыту форматтарын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Ал ғылыми зерттеулерді дамытып, әлемдік ғылыми қауымдастықпен интеграцияны нығайту маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.
Университет ұжымы Сейдулла Сейдеметовичтің бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға, ғылымды дамытуға және Қазақстанның көлік-логистикалық инженерлік білімінің болашағын қалыптастыруға қосқан елеулі үлесін жоғары бағалайды.
Сізге зор денсаулық, кәсіби қызметіңізге жаңа табыс, жаңа ғылыми жетістіктер тілейміз! Сәтбаев университеті мен Қазақстан Республикасының игілігі жолындағы барлық жоспарларыңыз сәтті түрде жүзеге аса берсін!



