Сәтбаев университеті студенттердің бойында заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыру үшін «Заң мен тәртіп» бағдарламасын іске қосты
Сәтбаев университеті «Заң мен тәртіп» бағдарламасы аясында студенттерді заң негіздері мен жауапты мінез-құлыққа тәрбиелеуге бағытталған жаңа тәрбиелік бастаманы қолға алды. Басты үндеу – заң баршаға ортақ. Бағдарлама жастарға өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілікті сезінуге және заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі.
Осы бастама аясында алғашқы іске қосылған шара – «Закладка» деректі фильмін көрсету болды. Фильмнің сюжеті жауапкершілік пен заңға деген құрметті арттыруға, сондай-ақ нашақорлыққа, лудоманияға, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, буллингке және вандализмге қарсы тұру әрекеттерін үйретуге бағытталған. Фильм студенттерге заңсыз әрекеттердің және қылмыскерлерге көмектесудің салдары не болатынын көрсетті: «закладка» жасағаны үшін – 8 жылға дейін; наркограффити үшін – 6 жылға дейін; ал «дроппер» болғаны үшін – 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылғанын еске салды. Бұл деректер заң барлығына бірдей екенін және ережелерді сақтау – әр азаматтың міндеті екенін айқын көрсетеді.



