Сәтбаев университетінде Әділ Шаяхметов атындағы Ғарыштық байланыс зертханасы ашылды
Сәтбаев университеті өзінің технологиялық кластерін дамыту жолында тағы бір маңызды қадам жасап, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов атындағы Ғарыштық байланыс зертханасын ашты. Жаңа ғылыми-білім беру кеңістігі университетте ғылым мен білімді және ұлттық қауіпсіздік мәселелерін біріктіретін кешенді экожүйенің бір бөлігіне айналды.
Зертхананың ашылу салтанаты университет түлегі, кәсіби еңбек жолын Отанға қызмет етуге арнаған, парыз бен абыройдың үлгісі саналатын генерал-лейтенант Әділ Шаяхметовтың 70 жылдығына орай ұйымдастырылды. Әділ Шаяхметовтың 70 жылдығына арналған «Ғылым мен білімді және қауіпсіздікті біріктіретін есім» атты салтанатты жиынға мемлекеттік органдардың, құқық қорғау органдарының өкілдері, ғалымдар және шет мемлекеттердің өкілдері қатысты.
Зертхана «Электроника, телекоммуникациялар және ғарыштық технологиялар» кафедрасы базасында құрылып, университеттің қолданыстағы инфрақұрылымына үйлесімді түрде біріктірілді. Бұл инфрақұрылым Инновациялық инжиниринг орталығын, Stroytech технопаркін және Алдыңғы қатарлы функционалдық материалдар мен олардың композиттері жөніндегі халықаралық R&D-орталығын қамтиды. Мұндай бірігу іргелі зерттеулерді инженерлік практикалық шешімдермен және нақты экономика секторында сұранысқа ие мамандарды даярлау ісімен байланыстыруға мүмкіндік береді. Жиынға келген қонақтар университеттің зерттеу алаңдарын аралап, қолданбалы зерттеулер мен университеттің инновациялық жетістіктеріне ерекше назар аударды.
Жаңа зертхана заманауи VSAT спутниктік антенна жүйесімен, жоғары жылдамдықты HT2300 модемімен, сондай-ақ MATLAB және ArcGIS Pro бағдарламалық кешендерімен жабдықталған. Бұл байланыс жүйелерін модельдеуге, навигациялық деректерді талдауға және Жерді қашықтан зондтау ақпаратын нақты уақыт режимінде өңдеуге мүмкіндік береді. Зертхананың ашылуы ҚР Республикалық ғарыштық байланыс орталығы мен оның Алматы қаласындағы «Көктерек» филиалының қолдауының арқасында жүзеге асты.




