Сәтбаев университетінде атомдық энергетика мен ядролық физика бойынша Республикалық интеллектуалдық ойын өтті
Сәтбаев университетінде Ә. Буркітбаев атындағы Энергетика және машина жасау институтының «Жалпы физика» кафедрасы ұйымдастырған «Атомдық энергетика және ядролық физика» бағыты бойынша Республикалық студенттік интеллектуалдық ойын өтті.
Іс-шараға Қазақстан мен шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Олардың қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Г. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, Азаматтық авиация академиясы, Халықаралық инженерлік-технологиялық университет, сондай-ақ Ресейдің Ұлттық ядролық зерттеу университеті «МИФИ» болды. Қонақтар студенттердің жоғары дайындық деңгейін және олардың ұсынған тапсырмаларының өзектілігін атап өтті.
Қатысушылар бірнеше кезеңнен өтті: атом ядросы физикасы бойынша интеллектуалдық блиц; атом электр станциясының макетін жасауға арналған шығармашылық байқау; реакторды басқару жүйесінің микросхемасын құрастыру бойынша практикалық тапсырма.
Ресейдің «Савельев Team» (МИФИ) командасы үздік команда деп танылды. Ал олармен лайықты түрде бәсекеге түскен Сәтбаев университетінің екі командасы – «Нейтрон» және «Изотоп» командалары тиісінше екінші және үшінші орындарға ие болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың басты мақсаты – студенттердің ядролық физика мен атомдық энергетикаға деген қызығушылығын арттыру, олардың инженерлік ойлау қабілетін дамыту және жас мамандардың ғылыми әлеуетін қалыптастыру.
Сәтбаев университетінде жыл сайын өткізілетін мұндай интеллектуалдық ойындар осы аталған мақсаттарға жетуге мүмкіндік беріп, инженерлік құзыреттерді дамытуда, студенттердің зерттеу белсенділігін ынталандыруда және Қазақстанда ядролық физика мен энергетиканы танымал етуде маңызды рөл атқарады.



