Сәтбаев университетінде «Денсаулық–2026» дәстүрлі спартакиадасы басталды
Сәтбаев университетінде университет қызметкерлері арасында дәстүрлі «Денсаулық–2026» спартакиадасы өз жұмысын бастады. Аталған спорттық шараны «Дене тәрбиесі» кафедрасы кәсіподақ комитетімен бірлесіп ұйымдастырды. Жарыстар Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан – 2050» халқына Жолдауын қолдау аясында өткізіліп, онда ұлт денсаулығын нығайтуға, дене шынықтыру мен спортты дамытуға ерекше мән берілген.
Спартакиадаға Сәтбаев университеті институттарының, ректорат пен түрлі департаменттердің құрама командалары қатысты. Жарыс бағдарламасына шахмат, үстел теннисі, волейбол және мини-футбол сияқты спорт түрлері енгізілген. Қатысушылардың бір мезгілде бірнеше спорт түрінен бақ сынауына мүмкіндік жасалып, бұл жарыстың ауқымын кеңейтіп, оны тартымды әрі қызғылықты ете түсті. Жалпы жүлде қоры 600 мың теңгені құрады.
– «Денсаулық» спартакиадасы біз үшін жай ғана жарыс емес, адамның дамуы тек аудиториялар мен зертханалармен шектелмейтінін көрсететін мүмкіндік, – деді Дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі Талап Иматалиев. Спорт, ең алдымен, денені шынықтырады. Алайда техникалық университет ойдан басталады. Сондықтан біз спартакиаданы ақыл-ой спорты саналатын шахматтан бастап, бағдарламаны жүрекке жақын, ең сүйікті спорт – футболмен аяқтаймыз. Ой, тән және жүрек үйлесім тапқанда ғана жан-жақты кемел тұлға қалыптасады, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
«Денсаулық–2026» спартакиадасының өткізілуі Сәтбаев университеті өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналып, университеттің өз қызметкерлері үшін қолайлы әрі салауатты орта қалыптастыруға, олардың денсаулығы мен әл-ауқатын қолдауға бағытталған ұмтылысын айқын көрсетті. Бұл бастама белсенді өмір салты мәдениетін дамытуға және университеттің орнықты дамуының негізі ретінде қызметкерлер денсаулығын нығайтуға септігін тигізеді.




