Сәтбаев университетінде Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күніне орай спорттық эстафеталар өтті
Сәтбаев университеті Әскери іс институтында Азаматтық қорғаныс, өрт қауіпсіздігі және еңбекті қорғау штабының қызметкерлері студенттерге арналған азаматтық қорғаныс элементтері бар спорттық эстафеталар ұйымдастырды. Қатысушылар газтұмылдырық кию, зардап шеккендерді тасымалдау, алғашқы медициналық көмек көрсету және өрт сөндірудің бастапқы құралдарын пайдалану жолдарын көрсетті.
Іс-шараның арнайы қонақтары және бақылаушылары ретінде Бостандық ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар аудандық басқарма басшылығының алғыс хаттарымен марапатталды.
Бағдарламаның қорытындысы ретінде жыл сайын 1 наурызда атап өтілетін Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күніне арналған флешмоб ұйымдастырылды. Бұл іс-шара студенттердің практикалық дағдыларын арттыруға және қауіпсіздік мәдениетін насихаттауға бағытталды.



