Сәтбаев университетінде Қырғыз Республикасының делегациясы халықаралық ғылыми және білім беру инновациялық орталығын құру жөніндегі тәжірибесін үйренді
Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Эдил Байсалов пен ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенкулов бастаған Қырғыз Республикасының делегациясы Сәтбаев университетіне келіп, қазақстандық жоғары оқу орындары базасында ашылған шетелдік филиалдардың жұмысы, инфрақұрылымы, ғылымы және Қазақстанның алғашқы техникалық университетінің ғылыми жобаларымен танысты.
Қонақтар университеттің негізгі ғылыми және білім беру бөлімшелерін аралады. Атап айтқанда, ТКМК инновациялық инжиниринг орталығы, Stroytech технологиялық паркі, озық функционалдық материалдар мен олардың композиттеріне арналған халықаралық R&D орталығы, сондай-ақ Porsche және Astana Motors аудиторияларын аралады. Әсіресе City University of Hong Kong филиалы мен MIT FabLab өндірістік зертханасына баса назар аударылды – бұл әлемнің жетекші университеттерінің бірегей ерекше филиалдары болып табылады және Сәтбаев университетінің студенттеріне әлемдік стандарттар бойынша білім алуға, озық технологиялармен жұмыс істеуге және жаһандық зерттеу жобаларына қатысуға мүмкіндік береді.
Сапар барысында делегация заманауи оқыту әдістерімен, ғылымның оқу процесіне интеграциялануымен және стартаптарды дамытуға мүмкіндік беретін университет экожүйесімен танысты. Қырғыз Республикасының өкілдері зертханалар мен оқу аудиторияларының жоғары техникалық жабдықталуын, студенттердің заманауи технологияларды нақты жағдайда меңгеруіне мүмкіндік беретін тәжірибеге бағдарланған оқыту тәсілін, сондай-ақ Сәтбаев университетінің инженер кадрларды даярлауда халықаралық орталық ретіндегі әлеуетін ерекше атап өтті.
Бұл сапар ЮНИСЕФ ұйымдастырған «2050 ұрпағы: ертеңгі күнге бүгінгі инвестициялар» атты конференциясына Қырғыз делегациясының қатысуы аясында өтті және Қазақстан мен Қырғызстан елдері арасында ғылым, білім және инновациялар салалары бойынша ынтымақтастықты нығайтуда маңызды қадам болды.



