Сәтбаев университетінде өткен AI4Industry форумы өндірістің цифрлық технологияларын дамыту үшін индустрия мен ғылымды біріктірді
Advantek компаниясы Сәтбаев университетімен бірлесе отырып, «AI4Industry: автоматтандыру және жасанды интеллект өндіріс үшін» атты өнеркәсіпті автоматтандыру жөнінде халықаралық форум өткізді. Форумға жетекші өнеркәсіптік компаниялардың, ғылыми қауымдастықтың және инженерлік білім беру саласының өкілдері жиналып, цифрлық технологияларды енгізу, өндірістік процестердің тиімділігін арттыру және интеллектуалды басқару жүйелерін дамыту мәселелері туралы талқылады.
Жиынға өнеркәсіптік автоматтандыру, энергетика, мұнай-газ индустриясы және цифрлық технологиялар салалары бойынша жұмыс істейтін негізгі халықаралық және отандық компаниялардың өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Advantek Engineering, IEK Digital / MasterSCADA, Endress+Hauser Kazakhstan, WEG Central Asia, HollySys, Schneider Electric, KROHNE CA, Oilan Group және басқа да компаниялардың мамандары өздерінің әзірлемелерін және тәжірибелерін ұсынып, интеллектуалды шешімдерді өндіріске енгізудің нақты мысалдарын келтірді.
Интеллектуалды алгоритмдер қазірдің өзінде еңбек өнімділігін арттырып, ресурстарды оңтайландырып, өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етіп отырғанын ұсынылған шешімдер анық дәлелдеп берді. Форумда әсіресе инженерлік білім – цифрлық трансформацияның негізгі буыны ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды. Қатысушылар жаңа басқару технологияларын және кәсіпорындарды цифрландыру құралдарын әзірлеуге бағытталған бірлескен жобаларды, тағылымдамаларды және ғылыми бастамаларды кеңейтуге қызығушылық танытты.
AI4Industry форумын Сәтбаев университеті Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар институтының «Автоматтандыру және басқару» кафедрасы ұйымдастырып, өнеркәсіптік автоматтандыруды дамытуға мүдделі кәсіби қауымдастықты ортақ мақсаттар төңірегіне біріктірген алаңға айналды. Бұл жиын Сәтбаев университетінің инженерлік құзыреттер орталығы екенін және өнеркәсіптің стратегиялық серіктесі ретінде инновацияларды ілгерілетуге, сөйтіп жаңа буын инженерлерді тәжірибеге бағытталған тәсілмен даярлауға қосып отырған маңызды үлесін айқындайды.



