Сәтбаев университетінде өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде жас инженерлердің мансаптық жолдарын қолдау мақсатында 30-дан астам компания қатысты
Сәтбаев университетінде түлектер мен жоғары курс студенттеріне арналған «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі–2025» ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге 30-дан астам жұмыс беруші компания қатысып, өздерінің бос жұмыс орындарын және тағылымдамаларын ұсынды. Қатысушылар қатарында елдің жетекші жұмыс беруші компаниялары бар: Кентау трансформатор зауыты, AVC Group, «Лукойл», «KAZ Minerals», инжинирингтік компания «Казгипронефтетранс» және Банк RBK.
Барлық компаниялар Сәтбаев университетінің студенттері мен түлектеріне кең ауқымды мансаптық мүмкіндіктер, тағылымдамалар мен даму бағдарламаларын ұсынып, техникалық жас мамандарды даярлауға жоғары қызығушылық танытты. Солардың бірі – мұнай-газ және мұнайды қайта өңдеу салаларында жұмыс істейтін қазақстандық ірі AVC Group компаниясы. Компания жобалаудан бастап, жабдық жеткізу, құрылыс, іске қосу жұмыстары және нысандарға қызмет көрсетуді қамтамасыз етуді қоса алғанда, кешенді инженерлік қызмет көрсетуге маманданған.
AVC Group компаниясының PR және маркетинг бөлімінің жетекші маманы Жанна Төлебаева Сәтбаев университетінің студенттерімен және түлектерімен жүргізген жұмысы туралы айтып, компания дарынды жас мамандармен ұзақ мерзімді серіктестік жасауға мүдделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, компанияда тағылымдамадан өтетін жастардың көпшілігі кейін тұрақты түрде жұмыс істеуге қалады. Болашақ инженерлерді қолдау үшін компания арнайы стипендия тағайындайды: конкурс жеңімпаздарының әрқайсысы ай сайын 50 мың теңгеден сыйақы алады екен.
«Біз үшін студенттердің қосымша жұмысқа алаңдамай, білім алуға толық көңіл бөлгені өте маңызды, сол үшін де оларға қолдау көрсеткіміз келеді. Стипендия олардың дамуына және өз мүмкіндіктерін барынша пайдалануына көмектеседі», – деді Жанна Түлебаева.
Сонымен қатар AVC Group компаниясы ынтымақтастық қарым-қатынасты кеңейтуді жоспарлап отыр: Атырау және Павлодар қалаларындағы мұнай-химия және мұнай өңдеу зауыттарында өндірістік практикадан өту бағдарламасын іске қосу көзделуде. Бұл профильдік инженерлік бағыттағы студенттерге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сондай-ақ басқа компаниялар да Сәтбаев университетінің студенттеріне ерекше ықыласпен қарайды. «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі–2025» университет жетекші компаниялармен бірлесе жұмыс істейтінін, сөйтіп жас мамандардың кәсіби өсуіне және мансап жолын сәтті бастауына нақты мүмкіндіктер жасайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.



