Сәтбаев университетінде жаңа Конституция жобасы талқыланып, студенттер референдумға қатысуға шақырылды
Сәтбаев университетінде AMANAT партиясының жанындағы Bir Tolqynda диалог алаңының отырысы «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» атты тақырыпта өтті. Кездесуге саяси партиялардың өкілдері, Парламент депутаттары мен университет басшылығы қатысты. Кездесудің басты тақырыбы – жаңа Конституция жобасы және алдағы референдум болды. Депутаттар студенттерге жаңа Конституцияның түрлі қырлары, ондағы өзгерістердің мәні және жаңа Негізгі заң қабылданғаннан кейін ел өмірінде қандай өзгерістер болатыны туралы айтып берді.
Жастармен конституциялық реформа және Қазақстанның болашағы туралы диалогты Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев пен Парламент депутаты, Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитеттің мүшесі Сергей Пономарев жүргізді. Олар бұл реформа мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Негізгі өзгерістердің қатарында халықаралық саясатқа басымдық беретін вице-президент институтын енгізу, партиялық тізімдер бойынша қалыптасатын бірпалаталы парламентке көшу, тіл саясаты саласындағы өзгерістер, еңбек ету құқығы, жеке деректерді қорғау кепілдіктері мен азаматтардың цифрлық құқықтарын кеңейту мәселелері бар.
Кездесу барысында аталмыш жоба мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігін күшейтетіні, еңбек ету құқығын бекітетіні, сот арқылы қорғану кепілдіктерін кеңейтетіні және сөз бостандығы мен жеке тұлғаның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау арасындағы тепе-теңдікті нақтылайтыны атап өтілді. Қатысушылар жаңа редакция ұлттық заңнаманың басымдығын күшейтіп, егемендікті нығайту бағытын айқындайтынын баса айтты.
Мейрам Бегентаев Конституцияны академиялық ортада талқылау өте маңызды екенін атап өтті. Ал университетіміз елдің жетекші техникалық зерттеу орталығы ретінде жаңартылған құқықтық жүйе жағдайында өмір сүріп, еңбек ететін болашақ жаңа буын инженерлер мен басқарушыларды даярлайтынын баса айтты. «Конституция – елдің бүкіл заңнамалық базасы құрылатын іргетас. – Жай ғана дауыс беру маңызды емес, ұсынылған өзгерістерді саналы түрде зерделеу өте маңызды», – деді ол.
Кездесу құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және жастардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысу белсенділігін арттыруға бағытталған кең ауқымды ағартушылық жұмыстың бір бөлігі еді. 90 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның техникалық интеллигенциясын даярлап келе жатқан және «Ғылым мен білім – адам игілігі үшін» атты миссиясын жүйелі түрде дамытып жүрген Сәтбаев университеті үшін мұндай пікірталастар жауапты әрі белсенді азаматтарды тәрбиелеудің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.



