Сәтбаев университетінің ғалымдары электромобильдердегі өртті қауіпсіз сөндіру жолдарын түсіндірді
Сәтбаев университеті Физика-техникалық институтының ғалымдары электромобильдердегі өртті қауіпсіз түрде сөндірудің әдістерімен және тактикаларымен таныстырды. Таныстыру Алматы қаласы Табиғатты қорғау жөніндегі мамандандырылған прокуратурасының үйлестіруімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында өтті және өртке қарсы қызмет пен қоғамдық және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тартылған басқа да ұйымдардың практика жүзінде қолданылуына бағытталды.
Сәтбаев университеті Физика-техникалық институтының зерттеулері Қазақстан қалаларының көшелерінде электромобильдер санының артуына байланысты күннен-күнге өзекті бола түсуде. Бұл өз кезегінде электромобильдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары мен өрт қаупінің де артуына алып келуде. Алматы қаласы Табиғатты қорғау жөніндегі мамандандырылған прокуратурасының ұсынысы бойынша Сәтбаев университетінің ғалымдары электромобиль аккумуляторына қатысты тәуекелдерді талдап, оларды қауіпсіз сөндіру жөнінде ұсыныстар әзірледі. Ғалымдардың айтуынша, электромобиль өрттері іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктерде болатын өрттен түбегейлі өзгеше, әрі төтенше жағдай қызметкерлерінен мүлде басқа тәсілдерді талап етеді.
– Ең алдымен, – дейді институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Николай Чучвага, – аккумулятордың тұтануы кәдімгі жану процесі емес екенін түсіну қажет. Бұндай кезде аккумулятордан оттегі мен көптеген улы газдар бөлінеді, жеке химиялық процесс жүреді. Сондықтан электромобильді көбікті өртсөндіргішпен сөндіруге болмайды және де респиратор сияқты жеке қорғаныш құралдарынсыз оған жақындауға болмайды.
Кездесу барысында Электрохимия және ванадийлі ағынды батареялар зертханасының меңгерушісі Арман Өмірзақов баяндама жасап, аккумулятор батареялары тұтанған кезде болатын физикалық және химиялық процестер туралы айтып берді және электромобиль өртін сөндірудің тиімді тәсілдеріне тоқталды.
Кездесуге Алматы қаласы Табиғатты қорғау жөніндегі мамандандырылған прокуратурасының, Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің, сондай-ақ Zeekr және BYD компанияларының өкілдері қатысты. Сәтбаев университеті ғалымдарының жасаған ұсыныстары практика жүзінде қызығушылық тудырып, электр көліктерін пайдалану артып отырған қазіргі жағдайда электромобиль өрттеріне әрекет етудің жаңа тәжірибесін қалыптастыруға бағытталған ұсынымдық әдістемелер ретінде таныстырылды. Кездесу қорытындысы бойынша электромобиль өрттерін тиімді әрі қауіпсіз түрде сөндіру тәсілдерін одан әрі бірлесіп зерттеу және өрт болған жағдайдағы іс-әрекеттер туралы электромобиль жүргізушілеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігі жайында шешім қабылданды.



