Сәтбаев университетінің NATGEO Qazaqstan клубы National Geographic зерттеушісі Лиза Гольдбергтің шеберлік сабақтары сериясын ұсынады
Өткен аптада ашылған NATGEO Qazaqstan клубы өз жұмысын NASA және National Geographic зерттеушісі, жаһандық климат пен экожүйелердің өзгерістерін спутниктік деректер мен қашықтан зондтау арқылы зерттеу бойынша маманданған Лиза Гольдберг өткізген шеберлік сабақтары топтамасымен бастады.
Лиза спутниктік деректерді пайдалана отырып, жаһандық климаттық өзгерістерді зерттеу бойынша жасаған жобаларын, сондай-ақ қалалық аумақтарды картографиялау жөніндегі практикалық сабақтарын студенттер мен оқытушылар назарына ұсынды, әрі тұрақты даму міндеттерін шешу үшін спутниктік мониторингті қолдану жөніндегі тәжірибесімен бөлісті. Сөйтіп заманауи технологиялардың экологиялық мәселелерді визуализациялауға және оларды шешу стратегияларын құруға қалай көмектесетінін көрсетті.
Лиза Гольдберг – жас ғалым, Doerr тұрақты даму Стэнфорд мектебінде докторлық бағдарламасы бойынша оқып жүр. Ол 14 жасынан бастап NASA-да жер ғалымы ретінде жұмыс істеп, Оңтүстік Азия өңірлеріндегі климаттың өзгерістерін зерттеп келеді, ал бұл өңірлерде кедейшілік пен гуманитарлық дағдарыстар жиі байқалады. Ол осы өңірлерде тұрақты дамуды нығайту жолдарын табу үшін, сапалық талдау мен спутниктік қашықтан зондтау әдістерін қолданады. Лиза Гольдберг – National Geographic ұйымының 2020 жылғы беделді Young Explorers грантының иегері. Осы грант аясында ол Cloud to Classroom бастамасын іске қосты – бұл спутниктік суреттерді пайдалана отырып, мектеп оқушыларына қашықтан зондтау әдістері арқылы жаһандық экологиялық өзгерістерді жақсырақ түсінуге көмектесетін инновациялық жоба. NATGEO Qazaqstan клубы аясында өтетін оның дәрістері ғылыми зерттеулерді білім беру үдерісіне баулып, Қазақстанның жаңа буын зерттеушілерін шабыттандыра алатынының айқын үлгісіне айналды.
Сәтбаев университетінде NATGEO Qazaqstan клубының құрылуы – планетамызда жүріп жатқан үдерістерді түсінуге үлес қосуға және озық технологиялармен жұмыс істеуге дайын жас зерттеушілер қауымдастығын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Бұл жаңа алаң қазірдің өзінде студенттерді, ғалымдар мен сарапшыларды өзекті ғылыми міндеттер төңірегіне біріктіріп, халықаралық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашу арқылы өзінің әлеуетін дәлелдеп үлгерді.



