Сәтбаев университетінің профессоры Франциядағы Centrale Lyon ENISE инженерлік мектебінің шақыртылған профессоры атанды
2025 жылдың қараша айында Сәтбаев университеті «Машина жасау» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Руслан Мұқанов Францияның Сент-Этьен қаласындағы Centrale Lyon ENISE инженерлік мектебіне шақырылған оқытушы атанды. Халықаралық апталық аясында ол Mechanical Engineering мамандығының студенттеріне цифрлық өндіріс және ЧПУ станоктары бойынша бірқатар дәрістер мен практикалық сабақтар өткізді.
École Centrale de Lyon құрамына кіретін Centrale Lyon ENISE инженерлік мектебі 60 жылдан астам уақыт бойы механика, құрылыс және сенсорлық инженерия салаларына қажетті мамандар даярлап келеді. Мектеп бағдарламалары іргелі инженерлік дайындықты экономика, менеджмент және әлеуметтік ғылымдар курстарымен ұштастырады. Мектептің білім беру бағдарламалары заманауи индустрия талаптарына сай бағытталған және өндірістік компаниялармен серіктестік қарым-қатынаста жүзеге асырылады.
Сәтбаев университеті ENISE халықаралық серіктестері қатарында Германия, Норвегия, Швеция, Словения, Испания, Албания және Оңтүстік Африка университеттерімен бірге ұсынылды. Бұл қазақстандық инженерлік білім беру саласының нығайып келе жатқаны халықаралық тұрғыда мойындалғанын көрсетіп, өзара академиялық алмасулар мен бірлескен ғылыми жобалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.



