Сәтбаев университетінің студенттері Астанада өткен республикалық олимпиадада жүлдегер атанды
Сәтбаев университетінің студенттері Астана қаласында өткен XVIII Республикалық пәндік олимпиаданың II кезеңінде жоғары нәтиже көрсетті. Олимпиада «Көлік, көлік техникасы және технологиялары» және «Жылу энергетикасы» білім беру бағдарламалары бойынша Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында өтті. Студенттер кәсіби біліктілік деңгейлерін арттыру үшін, практикалық дағдыларын дамытып, ғылыми ойлау қабілетін жетілдіру және тәжірибе алмасу мақсатында бас қосты.
Сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік студенттер қатысып, жоғары бәсекелестік танытты. Сәтбаев университеті атынан «Көлік инженериясы» білім беру бағдарламасының студенттері Бекжан Жидақан мен Танат Нағашыбаев қатысты. Екеуі де берілген тапсырмаларды сәтті орындап, Бекжан Жидақан жеке есепте екінші орынға ие болды.
Команданы олимпиадаға дайындаған профессор Алдаберген Бектілеуовтің де еңбегі жоғары бағаланды, ол ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хатпен марапатталды. Бұл жетістік – студенттердің тынымсыз еңбегінің, сапалы білімнің және Сәтбаев университетіндегі жүйелі дайындықтың нәтижесі. Мұндай табыстар алдағы уақытта да жаңа биіктерді бағындыруға жол ашары сөзсіз.



