Сәтбаев университетінің студенттері Наурыз мерекесіне орай ағаш отырғызып, тұрақты даму бастамасын іске қосты
Сәтбаев университетінде Наурыз мерекесіне орай университет аумағында ағаш отырғызуға арналған экологиялық акция өтті. Бұл іс-шара жаңа бастамашыл ұйым – SDG Satbayev ұйымына мүше студенттердің басын біріктірді, ал ұйымның қызметі тұрақты даму қағидаттарын және экологиялық жауапкершілікті насихаттауға бағытталған.
Акция университет кампусының аумағында өтті. Студенттер тек көгалдандыру ісіне ғана қатысып қоймай, көктемгі жаңару күндеріндегі абаттандыру дәстүріне де қолдау көрсетті. Іс-шара ұйымдастырушы, Коммуникациялар және қоғамдық даму департаментінің директоры Мадина Балғабаева аталмыш студенттік қауымдастықтың құрылуы белсенді жастардың сұранысына жауап болып отырғанын атап өтті:
«Біз еліміздің ғана емес, бүкіл әлемнің болашағына бейжай қарай алмайтын бастамашыл студенттерді біріктіріп отырмыз. Біз үшін ұлттық дәстүрлерді тұрақты дамудың жаһандық трендтерімен ұштастыра білу өте маңызды. Ағаш отырғызу арқылы біз Алматы қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлесімізді қосамыз және бұл бастамалар біздің қауымдастықпен бірге өсіп, дамиды деп сенеміз».
Қазіргі таңда SDG Satbayev ұйымының құрамына университеттің барлық институттарынан шамамен 70 студент қосылды. Бұл ұйым экологиялық, білім беру және әлеуметтік жобаларды дамытуға, сондай-ақ студенттерді тұрақты дамудың халықаралық күн тәртібіне тартуға бағытталған. Акция Technical and Executive Business School – яғни Сәтбаев университетінің базасында құрылған жас бизнес-мектептің қолдауымен өтті. Бұл мектеп технологиялар мен бизнестегі көшбасшылыққа бағдарланған кәсіпкерлер мен басқарушыларға арналып құрылған.
Аталмыш акция студенттердің ауқымды бастамасын жүзеге асырудағы алғашқы қадам болды. Ол жастар арасында экологиялық мәдениетті және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталған. Ұзақ мерзімді перспективада осындай бастамаларды жүзеге асыру студенттер арасында экологиялық сананы қалыптастырып қана қоймай, Алматы қаласында ауаның сапасы мен тұрақты қалалық ортаны дамытуға қатысты өзекті мәселелерді шешуге нақты үлес қосуға мүмкіндік береді. Жоба Тұрақты даму мақсаттарымен тікелей байланысты, атап айтқанда, жастарды экологиялық мәселелерді шешуге тарту арқылы тұрақты қалалар қалыптастыру және сапалы білім беруді дамыту.



