Сәтбаев университетінің және Ghent University ғалымдары жасанды интеллект пен геоаналитика саласы бойынша ынтымақтастық қарым-қатынас бағыттарын айқындады
Сәтбаев университетінің ғалымдары Ghent University-нің өкілдерімен жұмыс бойынша кездесу өткізіп, жасанды интеллект, статистика және геоақпараттық технологиялар салаларындағы ынтымақтастық қарым-қатынас перспективаларын талқылады. Сәтбаев университеті тарапынан кездесуге Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар институтының профессорлары мен зерттеушілері, сондай-ақ химиялық және биохимиялық инженерия кафедрасының ғалымдары қатысты. Ал Ghent University делегациясын осы университеттің жетекші ғалымдарының бірі, профессор Эрик Манненс басқарып келді.
Ghent University – Еуропаның ең ірі әрі жетекші зерттеу университеттерінің бірі, ол Бельгияның Гент қаласында орналасқан. Негізі 1817 жылы қаланған бұл университет жоғары ғылыми өнімділігіне, мықты инженерлік-техникалық мектебіне және жаратылыстану ғылымдары, биотехнология, медицина, гуманитарлық ғылымдар мен IT салалары бойынша кең білім беру бағдарламалары арқасында әлемдік рейтингтердің алғашқы 100-дігіне тұрақты түрде кіреді.
Университет жасанды интеллект, биоинженерия, тұрақты даму, агротехнологиялар, статистика, геоақпараттық жүйелер және материалтану салаларындағы зерттеулерімен кеңінен танымал. Ghent University халықаралық кампустар мен серіктестіктерді белсенді түрде дамытып келеді, соның ішінде Оңтүстік Кореяда орналасқан жаңа кампуста биология ғылымдары мен есептік статистика салалары бойынша да зерттеулер жүргізіледі.
Екі университет те IT және жасанды интеллект салаларында кең құзыреттерге ие болып, осы бағытта ынтымақтастық қарым-қатынасты бастауға дайын отыр. Әсіресе жасанды интеллект (Sustainable AI), статистикалық модельдеу және GeoAI сияқты бағыттар ерекше қызығушылық тудырды, бұл салаларда бельгиялық ғалымдар дәстүрлі түрде көшбасшы болып табылады. Екі жақ тараптар сондай-ақ жасанды интеллекттің Sustainable AI, GeoAI және басқа да ІТ бағыттары бойынша академиялық ұтқырлық пен білім беру бағдарламаларын дамыту мүмкіндіктері туралы талқылады. Сонымен қатар Ghent University-дің өзге университеттермен ынтымақтастық тәжірибесіне сүйене отырып, қос дипломды білім беру бағдарламасын PhD деңгейінде әзірлеу бастамасы ұсынылды.
Бұл кездесу ұзақ мерзімді серіктестікті қалыптастырудың маңызды қадамына айналып, бірлескен зерттеулер мен жоғары білікті мамандар даярлауда жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.



