Satbayev University-де электр көліктеріне арналған жаңа автотұрақ пайдалануға берілді
Satbayev University кампусы аумағында студенттер мен қызметкерлерге арналған, әрқайсысының қуаты 7 кВт-қа дейін жететін 8 зарядтау құрылғысымен жабдықталған жаңа мамандандырылған автотұрақ іске қосылды. Бұл бастама университеттің көміртек ізін азайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады және оның тұрақты даму қағидаттарына берік бейілділігін көрсетеді.
Жаңа инфрақұрылым экологиялық таза көлік түрлеріне деген сұраныстың артуына қолдау көрсетіп, электр көлігін пайдаланушылар үшін қолайлы орта қалыптастыруды көздейді. Электр көліктерін қолдану парниктік газдар шығарындыларын қысқартуға, ауа сапасын жақсартуға және экологиялық тұрғыдан жауапты қалалық мәдениетті дамытуға ықпал етеді.
Жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына, атап айтқанда 7 мақсат – «Қолжетімді әрі таза энергия» және 13 мақсат – «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес» бағыттарына сәйкес жүзеге асырылды. Зарядтау инфрақұрылымын енгізу университеттің жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және төмен көміртекті экономикаға көшуге бағытталған стратегиялық ұстанымын айғақтайды.
«Кампустың тұрақты инфрақұрылымын дамыту – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Электр көліктеріне арналған зарядтау станцияларын іске қосу – экологиялық сын-қатерлерге берілген жауап қана емес, сонымен қатар таза энергетика мен жасыл технологияларды дамытуға қосылған нақты үлес», – деді Энергетика және машина жасау институтының директоры Қасым Елемесов.
Аталған жобаның жүзеге асырылуы Satbayev University-дің тұрақты даму қағидаттарын білім беру, ғылыми және әкімшілік қызметіне жүйелі түрде енгізудегі көшбасшылық ұстанымын тағы да айқындай түседі. Жаңа автотұрақ студенттер мен қызметкерлер арасында электр көліктерін кеңінен пайдалануға серпін беріп, Алматы қаласының тұрақты қалалық экожүйесін дамытуға өз үлесін қосады деп күтілуде.
Бұған дейін кампус аумағында электр көліктеріне арналған үш зарядтау бекеті іске қосылған болатын. Университет алдағы уақытта да экологиялық бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып, жаңартылатын энергетиканы дамыту мен тұрақты даму саласындағы инновациялық шешімдерді ілгерілетуді жалғастырады.



