Satbayev University ғалымдары мен студенттері Самарқандта өткен халықаралық конференцияға қатысты
Сәуір айында Satbayev University ғалымдары мен студенттері Самарқанд қаласындағы Zarmed University базасында өткен «Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамытудың перспективалары» атты халықаралық конференцияға және Zarmed 2026 Talabalar студенттік форумына қатысты.
Делегация құрамында кафедра меңгерушісі А. Удербаев, профессор С. Оданова, қауымдастырылған профессор Б. Карбозова, сондай-ақ «Биомедициналық инженерия» білім беру бағдарламасының бірінші курс студенттері болды.
Конференция барысында қатысушылар жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы ғылыми зерттеулерін ұсынып, халықаралық әріптестермен кәсіби байланыстар орнатты.
Университет студенттері ерекше жетістік көрсетті. Zarmed 2026 халықаралық форумы аясында студент Ерасыл Бахыт «Жас зерттеуші» номинациясы бойынша марапатқа ие болып, өзінің жоғары дайындық деңгейін және халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеді.
Осындай іс-шараларға қатысу ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, академиялық ұтқырлықты нығайтуға және цифрлық экономика жағдайында сұранысқа ие мамандарды даярлауға ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл Қазақстан мен Орталық Азиядағы ғылым мен білімнің дамуына үлес қосып, сапалы білім мен инновациялық дамуды қамтитын тұрақты даму мақсаттарын қолдайды.



