Satbayev University ғалымдары су зерттеулері саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда
Satbayev University ғалымдары Валенсия Политехникалық университетінің Су инжинирингі және экологиясы зерттеу институтында (IIAMA) ғылыми тағылымдамадан өтті. Тағылымдама микропластиктің адам денсаулығына әсерін модельдеу және ағынды суларды тазарту әдістерін әзірлеуге бағытталған халықаралық жобаның бір бөлігі болып табылады. Жоба «Инженерлік жүйелер және желілер» кафедрасында Күләш Әлімованың жетекшілігімен жүзеге асырылуда.
Валенсия университетіндегі жұмыс барысында зерттеу тобы жобаның аралық нәтижелерін талқылап, су ортасындағы микропластиктің мінез-құлқын математикалық модельдеу, тәуекелдерді бағалау және Еуропада қолданылатын заманауи ағынды суларды тазарту технологиялары бойынша кеңестер алды. Ластаушы заттарды талдау және олардың гидросферада таралуын болжауға арналған модельдер әзірлеу тәжірибесімен алмасуға ерекше көңіл бөлінді.
UPV ғалымдарымен бірлесе отырып, келесі жылға арналған жобаның негізгі міндеттері айқындалып, зерттеу бағыттары келісілді және деректерді өңдеудің заманауи тәсілдері талқыланды. IIAMA жетекші мамандарымен өткен кездесулер ғылыми басымдықтарды нақтылауға және әрі қарайғы ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етті.
Тағылымдама нәтижелері жобаның дамуына маңызды үлес қосып, Satbayev University мен Валенсия Политехникалық университеті арасындағы әріптестікті нығайтып, экология және су технологиялары саласындағы бірлескен зерттеулерге жаңа мүмкіндіктер ашады.



