Satbayev University Лотарингия университетімен бірлесіп Жамбыл облысындағы «Мирный» энергопаркіне кадр даярлауды бастайды
Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінде (Париж) Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі 16-шы үкіметаралық комиссияның отырысы өтті. Сол кездесуде Satbayev University француздық энергетикалық компания TotalEnergies және Лотарингия университетімен үшжақты келісімге қол қойды.
Келісімнің негізгі бағыты – Satbayev University-де қос дипломдық білім беру бағдарламасын ашу арқылы Жамбыл облысында қуаттылығы 1 ГВт болатын «Мирный» энергопаркін жүзеге асыратын TotalEnergies Renewables Kazakhstan компаниясына білікті кадр даярлау. TotalEnergies Renewables Kazakhstan энергетика саласына инвестиция салумен қатар оқу жоспарын әзірлеуге және бағдарламаны қаржыландыруға белсенді қатысады.
Қазақстан тарапынан құжатқа Satbayev University-дің Басқарма мүшесі – Халықаралық ынтымақтастық және стратегиялық даму жөніндегі бірінші проректорі С.Қ. Ермекбаев, Франция тарапынан – Лотарингия университетінің техникалық факультет деканы Анни Дари-Муро және TotalEnergies Renewables Kazakhstan компаниясының бас директоры Тьерри Плезан қол қойды.
Қол қойылған келісім аясында, Satbayev University 2026 жылдан бастап TotalEnergies тапсырысы бойынша жыл сайын 14 студентке дейін оқытуды бастайды. Студенттердің алғашқы үш жылы Алматыда, төртінші курс Лотарингия университетінің Метц қаласындағы кампусында өтеді, сонымен қатар TotalEnergies энергетикалық кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өтеді. Оқу аяқталғаннан кейін инженерлер TotalEnergies компаниясына жұмысқа орналасып, Қазақстандағы ең ірі жел электр станциясы «Мирный»-дегі жел генераторларын қызмет көрсетеді. Бұл станция Қазақстандағы шамамен 1 миллион адамның, соның ішінде шалғай ауылдық аудандардағы тұрғындардың энергетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз ете алады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Satbayev University ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен өз базасында Еуропадағы ең ірі ядролық технологиялар ғылыми кластерінің филиалын – Grenoble INP – Phelma, UGA ашу туралы келісімге қол қойған болатын. Бұл бағдарлама ядролық инженерия және жаңартылатын энергетика саласында (Nuclear Engineering, Renewable Engineering, Advance Material Studies) жоғары білікті кадр даярлауға бағытталған. Студенттер Франциядағы АЭС-те тәжірибеден өтіп, болашақта Қазақстандағы электр станцияларында жұмыс істеу үшін қажетті дағдылар мен біліктілік алады.



