Satbayev University мен East China University of Technology академиялық және ғылыми ынтымақтастықты талқылады
Satbayev University-дің Басқарма мүшесі – Халықаралық ынтымақтастық және стратегиялық даму жөніндегі бірінші проректорі С.Қ. Ермекбаев East China University of Technology (ECUT) университетінің президенті Ло Сяньпин бастаған делегациясымен кездесіп, екі жетекші азиялық техникалық университеттің болашақ академиялық және ғылыми ынтымақтастығын талқылады.
Кездесу барысында тараптар университеттердің әлеуетін геологиялық ғылымдарды зерттеу және ғылыми-техникалық шешімдерді әзірлеу үшін біріктіруге келісіп, өнеркәсіпке инновацияларды енгізу үшін кең мүмкіндіктер ашты. Сонымен қатар, интердисциплинарлық жобаларды дамытуға, академиялық мобильділікті арттыруға, бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға, ғылыми кадрларды дайындауға және технологияларды өнеркәсіпке трансферлеуге ерекше көңіл бөлінді.
East China University of Technology (ECUT) – Қытайдың Наньчан қаласында, Цзянси провинциясында орналасқан мемлекеттік университет. Ол 1952 жылы құрылған және бастапқыда ядролық өнеркәсіп пен геологиялық ресурстарға маманданған. Бүгінде ECUT – жер ғылымдары, инженерлік пәндер, экономика, менеджмент және басқа бағыттарды қамтитын ірі кешенді университет. ECUT Қытайдың «211 Project», «985 Advantage Discipline Innovation Platform» сияқты көптеген ұлттық бағдарламаларына қатысады, бұл оның жоғары деңгейдегі білім беру және ғылыми зерттеулерін растайды. Бұл университетпен жасалған келісімдер Satbayev University үшін бірлескен зерттеулер, жарияланымдар және халықаралық ғылыми жобаларға қатысуға жаңа мүмкіндіктер ашып, екі тараптың да ғаламдық академиялық кеңістіктегі позицияларын нығайтады.



