Satbayev University студенттері «Адалдық әдеті – жаңа норма» форумы аясындағы челленджге және дебаттарға қатысты
«Жастар жемқорлыққа қарсы: адалдық әдеті – жаңа норма» форумы аясында Satbayev University студенттері «Менің адалдық әдетім» атты челленджге белсенді түрде қатысты. Аталған бастама жастар арасында адалдық құндылықтарын насихаттауға және академиялық адалдық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Челлендж шеңберінде студенттер адалдықты өмірлік ұстаным әрі күнделікті әдет ретінде көрсету мақсатында бейнеролик түсіріп, өз шығармашылық көзқарастарын ұсынды. Бейнематериал форумның ақпараттық мазмұнын толықтырды және оң бағаға ие болды.
Сонымен қатар, Satbayev University өкілдері Oxford-style форматындағы дебаттарға қатысып, «Адалдық – бәсекелестік артықшылық» тақырыбында пікірталас өткізді. Дебат барысында студенттер жоғары дайындық деңгейін, сыни ойлау қабілетін және өз ұстанымын дәлелдей білу шеберлігін көрсетті. Нәтижесінде университет командасы жүлделі орынға ие болып, алғыс хаттармен марапатталды.
Бұл шара жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуға және Satbayev University ұстанатын адалдық, жауапкершілік және ашықтық қағидаттарын дамытуға зор үлес қосты.




