Satbayev University студенттері Pi-Synergy 2026 Халықаралық байқауында 2-ші орын иеленді
Satbayev University студенттері «Pi-Synergy 2026 – International Engineering Mindsets Competition» халықаралық зияткерлік байқауының финалына қатысты. Байқауға үш елден 29 команда қатысып, бірнеше кезең бойынша сынға түсті. Қатысушылар инженерлік ойлау қабілетін, инновациялық шешімдер табу дағдыларын және командалық жұмысын көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша Satbayev University-дің «EcoFuture» командасы – Іңкәр Бақытұлы, Тамерлан Мақсат, Бауыржан Серикбай және Лейла Овезова (жетекшісі Жанар Есенбаева) – жоғары дайындық деңгейін, инженерлік міндеттерді шешудегі креативті тәсілді және экологиялық инженерия саласындағы кәсіби құзыреттерін көрсетіп, зияткерлік шеберлігі мен инновациялық ізденісі үшін II дәрежелі дипломмен және 100 000 теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды.
Сонымен қатар, байқау аясында жаңашыл идеялармен шеберлік танытқаны үшін «Экологиялық идея» номинациясы «Химиялық процестер және өнеркәсіптік экология» кафедрасының меңгерушісі Кубекова Шолпан Накишбекқызына табысталды.
Satbayev University студенттерінің халықаралық байқауда жүлделі орын алуы болашақ инженер-экологтарды даярлау деңгейінің жоғары екенін көрсетеді, сондай-ақ жас мамандардың заманауи экологиялық және инженерлік мәселелерді шешудегі әлеуетінің зор екенін дәлелдейді. Университет студенттерді және олардың ғылыми жетекшісін жеңістерімен құттықтап, алдағы ғылыми және кәсіби қызметтеріне табыс тілейді.



