Satbayev University – суға байланысты климаттық қауіп-қатерлерді талқылау алаңы
Satbayev University қабырғасында «Суға байланысты климаттық қауіп-қатерлер: құрғақшылық, су тасқыны және ыстық толқындар» атты семинар өтті. Тәжікстан мен Қазақстаннан келген ғалымдар мен студенттер ашық диалог пен іскерлік ойын форматында климаттық тәуекелдерді бағалап, ықтимал мәселелердің шешімдерін іздеді. Семинардың фасилитаторлары – Наталья Бачинская мен Мария Степанова.
Жұмыс барысында қатысушылар Орталық Азия үшін өзекті негізгі қауіптерді анықтады: азық-түлік қауіпсіздігі мен қалалық инфрақұрылымға қауіп төндіретін құрғақшылық пен су тасқыны, сондай-ақ өңір елдері арасындағы қатынастарға әсер ететін трансшекаралық су тәуекелдері.
Қатысушылар бұл тәуекелдерді азайтуға және өңірдің орнықты дамуын қолдауға бағытталған бірқатар идеяларды ұсынды. Солардың қатарында: органикалық қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу жүйесін құру, Орталық Азияның сирек өсімдіктерінің генетикалық банкін қалыптастыру, экотуризм нысандарында суды қайта пайдалану технологияларын енгізу және Түрікменстандағы Дарваза кратерін зерттеу жөніндегі халықаралық жобаны бастау бастамасы бар. Семинар Satbayev University-дің климаттық білім беруді ілгерілетудегі және өңірдің орнықты болашағы үшін сараптамалық шешімдер әзірлеудегі жетекші рөлін тағы бір мәрте дәлелдеді.
«Біз университетті халықаралық ұйымдармен бірлескен идеялар мен жобалар туындайтын алаң ретінде қарастырамыз. Бұл біздің студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамға жаһандық экологиялық сын-қатерлерді шешуге және орнықты дамуға өз үлесін қосуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Satbayev University орнықты даму мақсаттары жөніндегі кеңсесінің жетекшісі Алия Жақсалыкова.
Семинар нәтижелері климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі Ұлттық жоспарға ұсыныстар әзірлеу кезінде пайдаланылатын болады. Бағдарламаның қорытынды онлайн-семинары 16 қазанда өтеді, онда қатысушылар ұсынылған жобаларды толықтырып, олардың ықпалдасу мүмкіндіктерін талқылайды.
Семинар GIZ қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жаһандық IKI DIAPOL-CE жобасы аясында іске қосылған «Климаттың өзгеруіне бейімделу және білім беру» халықаралық оқу бағдарламасы шеңберінде, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Satbayev University бірлесіп өткізді.



