Үш буын архитектурасы: Алматыда бірегей ретроспективті көрме ашылды
ҚР Орталық мемлекеттік музейінде айтулы оқиға – Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағының 90 жылдығына арналған «Үш буын архитектурасы» көрмесінің ашылуы өтті.
Іс-шараны ҚР Сәулетшілер одағы Т.Қ. Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтымен (Satbayev University) бірлесіп ұйымдастырды. Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Кинематографистер одағының, ҚР Суретшілер одағының, ҚР Көркемсурет академиясының президенттері, сондай-ақ сәулет өнерінің мэтрі Ораз Баймырзаев қатысты. Satbayev University атынан көрмеге академиялық мәселелер жөніндегі проректор Сәуле Шерубай келді.
Жоба одақтың ғасырға жуық тарихын қорытындылап қана қоймай, болашақ кәсіби қоғамдастықтың негізін қалайды.
Қазақстан тарихында тұңғыш рет архивтік материалдарды осыншама ауқымды жинақтау және жүйелеу жұмыстары жүргізілді. Экспозиция үш негізгі дәуірді қамтитын сирек кездесетін сызбаларды, жобалар мен құжаттарды бір кеңістікте біріктірді: Қалыптасу кезеңі (1936 жылдан бастап): ұлттық мектептің негізін қалаушылардың еңбектері; Кеңестік кезең (60-80 жж.): Модернизмнің «алтын ғасыры» («Қазақстан» қонақ үйі, Медеу, Республика сарайы); Тәуелсіздік кезеңі: дәстүр мен хай-тек технологияларының синтезі (Бәйтерек, Хан Шатыр, Әзірет Сұлтан мешіті).
Бұған дейін Қазақстан сәулетшілерінің тұлғалары мен айтулы жобалары бойынша материалдарды мұндай шоғырландырылған жинақтау жүргізілмеген, бұл көрмені ерекше ақпарат көзіне айналдырады.
Көрменің басты мақсаты жай ғана тамашалау шеңберінен шығып, кеңірек ауқымды қамтиды. Ұйымдастырушылар білім беру аспектісіне баса назар аударуда: көрме студенттер мен жас мамандарға нақты сызбалар мен макеттерді талдау арқылы ұлттық сәулет өнерінің эволюциясын терең зерттеуге мүмкіндік береді. Алдыңғы буын өкілдерінің тәжірибесін зерделеу дипломдық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын дайындау үшін негіз болмақ.
Негізгі бағыт - сәулет қызметін танымал ету және қалаларымыздың болашақ келбеті туралы пайымды қалыптастыру.
Т.Қ. Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының директоры Болат Құспанғалиев бұл деректер базасының оқу үдерісі үшін маңыздылығын атап өтті: «Ел тарихында тұңғыш рет материалдарды толық жүйелеу жүргізілді. Бұл – біздің сәулет өнеріміздің бір жерге жинақталған «алтын қоры». Жоба музей жәдігері ретінде емес, тірі оқу базасы ретінде ойластырылған. Енді студенттер Медеудің, «Қазақстан» қонақ үйінің және Астананың заманауи нышандарының нақты сызбалары арқылы архитектураның ұлттық кодын зерттей алады».
Іс-шараның басты бағыты қалаларымыздың сәулеттік болашағын қалыптастырып қана қоймай, олардың тарихи кодын сақтау болды.
Осы жұмыстың маңызды нәтижесі ретінде бірегей қос томдық кітап жарық көрмек: бірінші том ҚР Сәулетшілер одағының шежіресі мен қалыптасу тарихына арналса, екінші том заманауи Қазақстанның бейнесін ондаған жылдар бойы қалаған майталман сәулетшілердің шығармашылық жолы мен мұрасын айшықтайды.
Алматыдағы көрме – үлкен жолдың бастамасы ғана. Оңтүстік астанадағы жұмысын аяқтағаннан кейін экспозиция Қазақстанның аймақтарына турнеге аттанады.



