XVII Республикалық пәндік олимпиада аясында студенттер Қазақстанның геологиясын зерттеуде
Сәтбаев университетінде «Қолданбалы геология» және «Пайдалы қазбалар кен орындарының геологиясы және оны барлау» білім беру бағдарламалары бойынша жоғары оқу орындары студенттері арасында XVII Республикалық пәндік олимпиаданың II кезеңі басталды. Зияткерлік білім сайысына еліміздің жеті жетекші жоғары оқу орнының студенттері қатысып, ол геология саласында кәсіби қауымдастық қалыптастыру мен кәсіби құзыреттерді дамытуға арналған маңызды академиялық алаңдардың біріне айналды.
«Бүгінгі олимпиадаға өте мықты студенттер қатысуда, – деп атап өтті «Геологиялық түсіру, пайдалы қазбалар кен орындарын іздеу және барлау» кафедрасының меңгерушісі Акмарал Байсалова. – Олар еңбекқор, өз мақсаттарына ұмтылған жастар. Әрі олар өзара тәжірибе алмасып, жаңа білім мен технологияларды белсенді түрде қолдануда. Бүгін нағыз «бәйге» болады деп ойлаймын, біз соның лайықты нәтижелерін көреміз деп сенемін».
Олимпиада тәжірибелік бөлімнен – Шарын шатқалына ұйымдастырылған көшпелі геологиялық экскурсиядан басталды. Бұл сапар студенттерге Қазақстанның тамаша табиғи орындарының бірімен танысып қана қоймай, ондағы тау жыныстарының қалыптасу үдерістерін тәжірибе жүзінде зерттеуге мүмкіндік берді. Шатқалдың табиғи қималарында шөгінді жыныстардың көпқабаттылығы, құрылымдық және текстуралық ерекшеліктері, сондай-ақ олардың минералдық құрамы айқын көрініс табады. Бұл студенттерге теорияда меңгерген үдерістерді нақты практика жағдайында көруге жол ашты. Қатысушылар оқу коллекцияларына арналған тау жыныстары үлгілерін жинап, далалық зерттеу жөніндегі дағдыларын нығайтты, әрі тақырыптық викториналарға қатысты.
Екінші күні студенттер олимпиадалық тапсырмаларды орындауға кірісті. Олимпиада бағдарламасына жалпы және тарихи геология, құрылымдық геология, кристаллография мен минералогия бойынша теориялық және практикалық тапсырмалар енгізілді. Қатысушылар геологиялық карталармен жұмыс істеп, қималар құрады, минералдарды анықтап, болашақ кәсіби қызметке қажетті дағдыларын көрсетті.
Олимпиадалық тапсырмалармен қатар, студенттердің жетекшілері үшін академиялық ұтқырлық саласы бойынша ғылыми-әдістемелік семинар ұйымдастырылды. Белгілі ғалым-геолог, профессор Алма Бекботаева АҚШ-тағы Penn State University университетінде өткен халықаралық тағылымдама нәтижелерімен таныстырып, Америка Құрама Штаттарының халықаралық ынтымақтастық және геологияны зерттеу саласындағы жеке тәжірибесімен бөлісті.
Оқытушылар мен студенттер үшін университет зертханаларына экскурсия ұйымдастырылды, онда геология саласы бойынша білім беру бағдарламалары, зертханалық база, минералогиялық және петрографиялық коллекциялар, сондай-ақ оқу үдерісінде оптикалық микроскоптарды пайдалану мүмкіндіктері таныстырылды.
Бұл екі күнде қатысушылар жай ғана жарысқа қатысып қоймай, нағыз кәсіби мамандықтарына тереңірек бойлады – Шарын шатқалының табиғи геологиясынан бастап, университет аудиторияларында күрделі аналитикалық тапсырмаларға дейін орындап, мол тәжірибе жинақтады. Мұнда, минералдар, карталар мен формулалар арасында тек білім ғана емес, сонымен қатар Жер туралы күрделі, әрі оның тірі жүйе екендігі туралы түсінік қалыптасады. Бәлкім, дәл осы күні, осы қималар мен үлгілер арасында біреулер үшін ертеңгі ел ғылымы мен табиғи ресурстарды игерудің болашағын айқындайтын үлкен жаңалықтарға апарар жол басталған болуы мүмкін.





