«Менің үйім» көрмесі аясында балалар хосписін қолдауға арналған қайырымдылық аукционы өтті

ҚР Орталық мемлекеттік музейінде суретші Abtu Anet-тің «Менің үйім» атты көрмесі ашылуы аясында қайырымдылық аукционы өтті. Аукцион барысында екі картина сатылып, одан түскен барлық қаражат паллиативтік көмек көрсететін «Мен сенімен біргемін» атты балалар хосписіне аударылды. Қазір енді көрме келушілер үшін ашық.
Шамамен 30-ға жуық картинаны қамтитын экспозиция Алматы облысының Қайыңды мен Көлсай көлдерінен бастап, Шарын шатқалы мен Іле Алатауына дейінгі табиғатының сұлулығы мен әсемдігін суреттейді. Abtu Anet туындылары жай ғана пейзаж емес, ол – табиғатты қорғауға арналған манифест, Қазақстанның қайталанбас тамаша табиғатына ұқыпты қараудың маңыздылығын еске салу. Суретшінің айтуынша, бұл суреттер сериясына шабыт берген – ол өзі барып, тамашалаған көрікті жерлер. Сол сапарларда ол жаппай туризмнің табиғи ескерткіштердің келбетін қалай өзгертетінін көзімен көрген. Бұл циклдегі бірнеше картина көптеген халықаралық марапаттарға ие болған, оның ішінде Лондонда өткен Golden Talent байқауында жеңіске жеткен.
Суретшінің шығармашылық бүркеншік есімі – Abtu Anet – ежелгі мысырлық Күн қайығын қорғаған балық-құдайлардың атымен байланысты. Бұл символизм оның өмірлік миссиясын айқындайды: яғни өнерде ғана емес, шынайы өмірде де қорғаушы және жол көрсетуші бола білу. «Менің үйім» атты көрмесі – тек терең әрі эмоционалды өнермен танысу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар өмір мен табиғатты сақтауға нақты үлес қосуға арналған мүмкіндік.