Президент кеңесшісі Алексей Цой Сәтбаев университетінің ғылыми инфрақұрылымымен танысты
Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой Сәтбаев университетіне келіп, оқу орнының технологиялық парктерімен және зертханаларымен танысты, әрі университет базасында жаңа технологиялардың инженерлік хабын құру мәселесі туралы талқылады. Сапар барысында инженерлік білім берудің заманауи үрдістеріне, ғылым мен бизнестің және мемлекеттің тиімді ынтымақтастығына ерекше назар аударылды, өйткені ол білім экономикасын қалыптастыру үшін өте қажет.
Қонақты университеттің ғылыми инфрақұрылымымен, өндірістік серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан негізгі ғылыми жобалармен таныстырды: атап айтқанда, елдің тау-кен металлургия кешеніне арналған Технологиялық парк және құрылыс саласындағы Technopark Stroytech инновациялық орталығы.
Сәтбаев университеті – әлемдік университеттер рейтингінде 331-орынды иелененіп отырған ұлттық техникалық зерттеу университеті. Университеттің ғылыми әлеуетінің артуы Kazakhmys, «Қазақалтын» және ERG сияқты ірі-ірі компаниялармен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауға, сондай-ақ ауқымды түрде кеңейту мүмкіндігі жоғары бірқатар перспективалы технологиялық жобаларды іске қосуға мүмкіндік берді.
Сапар аясында Алексей Цой тау-кен металлургия кешеніне арналған Инновациялық инженерлік орталықты аралап, материалтану, тау-кен процестерін цифрлық модельдеу зертханаларына, геотехникалық және гидрогеологиялық зерттеулер орталықтарына барды. Әсіресе минералдық шикізатты тереңдете өңдеу және өнімнің қосымша құнын арттыруды қамтамасыз ететін технологияларды әзірлеу жобаларына ерекше назар аударылды.
Назарға алынған нысандардың тағы бірі – Stroytech технологиялық паркі болды, ол полимербетон негізіндегі композиттік материалдардан бұйымдар әзірлейтін зертхананы да қамтиды. Парк инновациялық құрылыс шешімдерін әзірлеумен айналысады және PhD кадрларды даярлау алаңы болып табылады. Кеңесші сондай-ақ FabLab MIT инновациялық кешенінде болды, мұнда машина жасау саласының сұраныстарына бағытталған қолданбалы білім беру мүмкіндіктерін кеңейтетін микробіліктілік бағдарламалары әзірленеді. Жоба Caterpillar Foundation қолдауы бойынша Purdue University (АҚШ) университетімен бірлесе отырып жүзеге асырылуда.
Алексей Владимирович Цой – қазақстандық дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, мемлекет қайраткері, COVID-19 пандемиясы кезеңінде ол Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарды. 2025 жылғы қазан айынан бастап ол Президенттің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалды.
Сапар қорытындысы бойынша ол университет басшылығы мен ұжымына ашық әңгіме үшін алғыс білдірді және Сәтбаев университетіне жасалған бұл сапар Қазақстанның адами капиталды, технологиялар мен ғылымды мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің негізі ретінде тұрақты түрде дамытуға арналған стратегиялық бағытының айқын дәлелі екенін атап өтті.



