Сәтбаев университеті «Бәйтерек» БК» АҚ-мен ынтымақтастық қарым-қатынасын жақсартуда

2025 жылғы 16 сәуір күні Сәтбаев университетіне мәртебелі қонақ – «Бәйтерек» ғарыш айлағы Басқармасының төрағасы, Қазақстанның Халық Қаһарманы, ғарышкер, Қазақстан Республикасы Әскери-әуе күштерінің генерал-майоры Айдын Ақанұлы Айымбетов келді.
Айдын Ақанұлы университет студенттерімен кездесіп, өзінің өмір жолы, ғарыш саласындағы еңбек жолы туралы әңгімелеп берді және жаттығу кезіндегі, әрі ғарышқа ұшқан сәтіндегі жарқын естеліктерімен бөлісті, сөйтіп қазақстандық болашақ инженерлер мен ғалымдарды алдағы жетістіктерге, сәтті істерге шабыттандырды. Студенттер Батырдың әңгімесін үлкен қызығушылықпен тыңдап, аэроғарыштық технологиялар саласындағы заманауи сын-қатерлер туралы көптеген сұрақтар қойды.
Кездесудің маңызды сәті – «Бәйтерек» БК» АҚ мен Сәтбаев университеті арасында ынтымақтастық қарым-қатынас туралы меморандумға қол қою болды. Құжат аэроғарыш өнеркәсібі үшін кадрларды даярлау саласындағы серіктестікті дамытуды, бірлескен ғылыми және білім беру жобаларын жүзеге асыруды, сондай-ақ студенттер мен жас мамандарды тағылымдамадан өткізіп, практикалық сабақтар ұйымдастыруды көздейді.
Сәтбаев университеті еліміздегі жетекші техникалық университет ретінде болашақтың инженериясына, соның ішінде ғарыштық және аэроғарыштық технологияларға қатысты бағыттарды белсенді түрде дамытуда. Меморандумға қол қою рәсімі ғылым мен білімді және өндірісті біріктіруге жаңа жолдар ашады.