Сәтбаев университеті тау-кен инновацияларының орталығына айналды: университетте KAZ Minerals байытушылар форумы өтті

Сәтбаев университетінде Байытушылар форумы 2025 басталды. Бұл – Қазақстанда минералды шикізатты қайта өңдеу саласы бойынша кәсіби диалог құруға арналған ең ірі салалық алаң. Форумды ұйымдастырушы – KAZ Minerals тобы, оған еліміздің түкпір-түкпірінен тау-кен өнеркәсібі орындары мен ғылыми институттардың жетекші мамандары, өндіріс құрал-жабдықтарын жасаушылар мен жас инженерлер жиналды.
Форумға тау-кен саласындағы ірі-ірі кәсіпорындардың өкілдері қатысты, атап айтқанда, KAZ Minerals, Kazakhmys, ERG, «Қазцинк», «Алтыналмас», Syensqo, FlSmidth, Metso және т.б. Қатысушылар екі күн бойы бір-бірімен тәжірибе алмасып, әрқайсы өз шешімдерін ұсынды, сондай-ақ кенді өңдеудің тиімділігін арттырудан бастап, цифрлық технологиялар мен халықаралық стандарттарды енгізуге дейінгі негізгі даму бағыттарын талқылады. KAZ Minerals тобының байыту жөніндегі басшысы Ұлпан Джетыбаева университеттермен және басқа да компаниялармен тау-кен өнеркәсібі саласы бойынша тәжірибе алмасу бағдарламасы үнемі кеңейіп келе жатқанын атап өтті:
– Әдетте біз мұндай форумдарды компаниямыздың мамандары үшін өткіземіз, ал биыл оған Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және басқа елдерден студенттер мен серіктестеріміздің өкілдерін шақырдық. Сіздермен жетістіктермен бөлісу үшін және әрі қарай дамуға қарқын алу үшін біз қазір осындамыз. Біз жаңа шабыт іздейміз, жаңа шешімдер мен жаңа кадр іздейміз. Ал мұның бәрін осы жерден табамыз деп ойлаймын.
Форум бағдарламасы бойынша озық технологиялардың тұсаукесері өтіп, кәсіпорындардың практикалық тәжірибесі талқыланды, сондай-ақ ғылыми әзірлемелер мен студенттердің жобалары таныстырылды. Әсіресе өндірісте жасанды интеллектті қолдану, күрделі және тотыққан кендерді қайта өңдеу, селекциялық процестерді жетілдіру және металл баланстарын есепке алудың заманауи тәсілдеріне ерекше назар аударылды.
Форумда орын алған маңызды оқиғалардың бірі – Jameson Cell флотациялық машинасын орнату сәті болды, бұл – флотация процесінде тиімділігі мен үнемділігі үшін әлемдік тәжірибеде кеңінен танылған бірегей жабдық. Университет базасында Jameson Cell машинасын орнату зерттеу жмыстарын жүргізу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады және байыту ісінің озық технологияларымен танысып жүрген студенттерге практикалық тәжірибе береді.
– Біздің университетке нағыз кәсіпқой мамандар – түлектеріміз, оқытушылар, серіктестер келген сайын, университет пен экономиканың нақты секторы арасындағы ынтымақтастық үшін қандай да бір сиқыр пайда болады, әрі ол біздің еліміздің өмірін әлдеқайда жақсарта түсуге қабілетті болады», – деп атап өтті Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев.
2025 жылғы Байытушылар форумы қолданбалы инженерияны дамыту және университет пен өндіріс арасындағы өзара байланысты нығайтуда маңызды қадам болмақ. Бұл форум Сәтбаев университеті қабырғасында осымен екінші рет өткізіліп отыр, осылайша ғылым мен өндіріс мамандарына Қазақстан Республикасы экономикасының өзекті мәселелерін бірлесіп шешуде тамаша мүмкіндік береді.