Сәтбаев университетінде ҚР Кәсіподақтар федерациясымен бірлескен жобаларды талқылау жалғасуда
ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Утешев университетке келіп, ғылым мен технология және әлеуметтік инфрақұрылым салалары бойынша жаңа даму бағыттары мен ынтымақтастық мәселелері туралы талқылады. Кездесу жылы әрі конструктивті жағдайда өтіп, цифрландыру және кәсіподақ жұмысы бағытындағы әріптестікті нығайтуға маңызды қадам болды. Кездесудің ресми бөліміне университеттің әкімшілік, әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Сапар Шалабаев, құрылымдық бөлімдердің басшылары мен ғалымдар және басқа да өкілдері қатысты.
Қонаққа арнап Сәтбаев университетінің негізгі нысандары бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Ал Bolashak Med Cluster орталығында ультрапортативті Philips УДЗ аппараттарын жергіліктендіруден бастап, көз торы және катаракта ауруларын диагностикалауға арналған жасанды интеллект жүйелерін әзірлеуге дейінгі медициналық бұйымдар өндірісінің технологиялары таныстырылды. UAV Laboratory зертханасында пилотсыз ұшу аппараттарының жобалары мен оларды нақты жағдайларда қолдану ерекшеліктері көрсетілді. Қонағымыз Сәтбаев университетінің әзірлемелері сынақтан қалай өтіп, заманауи технологиялық инфрақұрылымның бір бөлігіне қалайша айналатынын көруге мүмкіндік алды.
Бағдарламаның негізгі бөлігі жатақханалар мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аралау болды. Құрметті қонаққа биыл университетте қайтадан ашылған «Дос-Мукасан Ұясы» жатақханасы, сондай-ақ болашақта салынатын жаңа заманауи жатақханаға арналған аумақ көрсетілді. «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасы аясында Сәтбаев университетінің кампусындағы «Технопарк» орналасқан жерде 160 орындық жатақхана салу жоспарлануда. Жобаның инвесторы – VIAR-Company, құрылыс 2026 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Сәтбаев университеті университет инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі мен қолдау көрсеткені үшін «Қаржы орталығы» АҚ мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне алғыс білдіреді. Олардың көмегімен Сәтбаев университеті әріптестікті нығайтып, студенттер мен қызметкерлер үшін және болашақ ұрпақ үшін ең жақсы жағдайларды жасау жолындағы жұмысын одан әрі жалғастырады.



