Ақпарат:

10 қазан 2025 63

Сәтбаев университетінде Жас жұбайлар күні – отбасы құндылықтарының мерекесі аталып өтті

Сәтбаев университетінде Жас жұбайлар күні – отбасы құндылықтарының мерекесі аталып өтті

Сәтбаев университетінде ерекше де әсерлі мереке – Жас жұбайлар күні өтті. Бұл күн махаббатқа, өзара түсіністікке және отбасылық дәстүрлерді сақтауға арналды.

Мереке күні кездейсоқ таңдап алынған жоқ: осыдан дәл 55 жыл бұрын, 1970 жылғы 10 қазан күні Қазақ политехникалық институтының (қазіргі Satbayev University) жатақханасында қазақстандық музыка мәдениетінің жауһары, аты аңызға айналған «Той жыры» әні дүниеге келген еді. Бұл ән кейін бүкіл қазақстандық жас жұбайлардың гимніне айналды.

«Дос-Мұқасан» ансамблі мүшелерінің естеліктері бойынша, сол күні Мұрат Құсайыновтың үйлену тойына екі сағат қалғанда оның достары – Досым Сүлеев пен Ұлықпан Сыдықов №1 студенттік жатақхана қабырғасында (қазіргі «Дос-Мұқасан» ұясы) осы әнді жазып шыққан. Сол тойда олар оны алғаш рет гитарамен орындады. Содан бері осы «Той жыры» әнімен мыңдаған шаңырақ көтеріліп, ол махаббаттың, адалдықтың және отбасылық бақыттың символына айналды.

Бүгінде, арада жарты ғасыр өткенде, Сәтбаев университетінің жаңа буын студенттері осы игі дәстүрді қайтадан жаңғыртып, 10 қазанды – Сәтбаев университетінің Жас жұбайлар күні деп жариялады.

«Жастар заман ағымымен қатар жүріп қана қоймай, махаббат, сабырлық пен өзара түсіністік – берік отбасының негізі екенін де ұмытпаса екен дейміз», – деді мереке ұйымдастырушылары.

Осы күннің ерекше сәттерінің бірі – университет қабырғасында отбасын құру туралы шешім қабылдаған бірнеше жұптың неке қию рәсімі болды. Ал Asfendiyarov University студенті Дарын Жолшыбек өзінің сүйікті қызына үйлену туралы ұсыныс жасады. Бір кездері «Той жыры» әні бастау алып, аңызға айналған дәл осы қасиетті мекенде жанды музыканың әуенімен және достарының ыстық ықыласымен шабыттанған жастар бір-біріне «келісім сертін» беріп, осылайша жаңа отбасы құрылды, жаңа өмір басталды.

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту