Сәтбаев университетіне Қытайдың жетекші техникалық жоғары оқу орнының делегациясы келді
Қытайдың жетекші техникалық университеттерінің бірі – Harbin Institute of Technology (HIT) Менеджмент мектебінің делегациясы – Сәтбаев университетіне сапармен келді. Ол инженерия, жасанды интеллект, робототехника және аэроғарыштық технологиялар саласы бойынша өз зерттеулерімен аса танымал.
Делегация құрамында Belt and Road Talent Strategy Think Tank талдау орталығының директоры профессор Цзинь Цзяфэй, Менеджмент мектебінің деканы профессор Ван Цзянь, Aetos Systems компаниясының өкілі, сондай-ақ бірнеше докторанттар бар. Сәтбаев университеті тарапынан қонақтарды Халықаралық ынтымақтастық кеңсесінің басшысы міндетін атқарушы Еркебұлан Құрымбай қарсы алды.
Ресми кездесу барысында екі жақ тараптар академиялық және ғылыми ынтымақтастық қарым-қатынастың, бірлескен зерттеулердің, сондай-ақ инженерлік және басқарушылық кадрларды даярлау саласы бойынша қос диплом бағдарламаларының перспективаларын талқылады. Әсіресе жас ғалымдарға арналған ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Олар Қазақстанға болашақ зерттеулер үшін халықаралық байланыстар орнату мақсатында келген болатын.
Профессор Цзинь Цзяфэй бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында дамып жатқан бұл жобалар келешекте ынтымақтастық қарым-қтынастың бір бөлігіне айналатынын атап өтті:
– Өзара академиялық байланыстарды дамытып, жас зерттеушілерге мүмкіндік жасау біз үшін аса маңызды, – деді профессор Цзинь өзінің құттықтау сөзінде. – Біздің университет әлемге танымал DeepSeek нейрожелісінің негізін қалаушылардың бірі болып саналады, сондықтан біз Сәтбаев университеті базасында жасанды интеллект бойынша бірлескен зертхана ашуға өз тарапымыздан мүдделіміз.
Harbin Institute of Technology – Қытайдың инженерлік және технологиялық білім беру саласы бойынша негізгі орталықтарының бірі, оның Харбин, Шэньчжэнь және Вэйхай қалаларында үш кампусы бар. Университет робототехника, автоматтандыру, машина жасау, материалтану және компьютерлік ғылымдар бағыттары бойынша Азия елдеріндегі көшбасшылар қатарына кіреді. Сонымен қатар әлемнің түкпір-түкпіріндегі университеттермен және ғылыми орталықтармен халықаралық серіктестікті белсенді түрде дамытып келеді.
Өткен жылдан бері Сәтбаев университеті HIT университетімен академиялық ынтымақтастықты дамытып келеді және өзара сапарлар ұйымдастырып, оқытушыларға арналған білім беру бағдарламаларын жетілдіруде. Биыл мамыр айының соңы мен маусым айының басында университеттің екі профессоры Харбин қаласында өтетін жаңа энергетикалық технологиялар лагеріне қатысады. HIT делегациясының осы жаңа сапары Сәтбаев университетінің халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы және Қазақстанның Азиядағы жетекші технологиялық орталықтармен ғылыми-білім беру байланыстарын кеңейтудегі кезекті маңызды қадамы болып табылады.



