Сәтбаев университетінің делегациясы Павлодардағы «УПНК-ПВ» және «КазБитумСервис» зауыттарымен ынтымақтастық қарым-қатынас перспективалары туралы талқылады

Сәтбаев университетінің делегациясы Павлодар қаласындағы күйдірілген мұнай коксын өндіру жөніндегі «УПНК-ПВ» зауытында болып, ғылым мен отандық өндіріс орындары арасындағы ғылыми-техникалық өзара байланысты жемісті түрде қалыптастыру мәселелерін қарастырды. Делегация жұмысына Коммерцияландыру және келісімшарттық зерттеулер кеңсесінің басшысы Мейіржан Әбдіров пен Геология және мұнай-газ ісі институты директорының орынбасары Айбек Абдукаримов қатысты.
УПНК-ПВ – күйдірілген мұнай коксын өндіретін қазақстандық компания, ол алюминий өндірісінің осы маңызды бөлігі бойынша Қазақстан нарығының қажеттілігін толық қанағаттандырады. Зауыт импортқа тәуелділікті азайтып, сол арқылы Қазақстанның алюминий өнеркәсібінің тұрақтылығын арттырады.
Делегация зауыт басшылығымен кездесіп, бірлескен жұмыстар туралы, кокс өнеркәсібінің жанама өнімдері негізінде геополимерлік композиттерді алу жобасы, сондай-ақ инелі кокс өндіру секілді бірлескен жобалар бойынша жұмыс топтарын ұйымдастыру жөнінде талқылады. Сонымен қатар университет қызметкерлерінің өндірістік зертханадағы жұмысы, магистратура мен докторантурада оқитын зауыт қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мәселелері де талқыланды.
Делегация сонымен қатар еуропалық стандарт бойынша шатыр және гидрооқшаулағыш материалдар шығаратын «КазБитумСервис» зауытында болды.
Сәтбаев университеті еліміздегі жетекші ғылыми-зерттеу университеті ретінде ғылыми шешімдерді өндіріске енгізуге белсенді түрде атсалыса отырып, өнеркәсіп орындарымен интеграцияны арттыруда. Ал зауытқа сапарға бару ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуда, Қазақстан өнеркәсібінде инновациялық шешімдерді әзірлеу мен оны өндіріске енгізу үшін жаңа мүмкіндіктер ашу жолында маңызды қадам болып отыр.