Сәтбаев Университетінің ғалымдары Қарақалпақстанда өткен Абай мұрасына арналған халықаралық конференцияға қатысты

Сәтбаев Университеті Қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі А.Ж.Үдербаев, проф. С.А. Оданова, жас ғалым Ә.М. Әбсаттар Қарақалпақстанның Нүкіс қаласында өткен «Абайдың рухани мұрасының түркі әлеміне әсері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға қатысты. Бұл іс-шара ұлы қазақ ақыны және ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай ұйымдастырылып, түркі әлемінің жетекші ғалымдарын жинады.
Конференцияны Өзбекстан Республикасының Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігінің қолдауымен Әжінияз атындағы Нүкіс мемлекеттік педагогикалық институты ұйымдастырды. Пленарлық отырысты модератор ретінде институт ректоры Куандык Кадиров жүргізіп, конференцияға қатысушылар ғылыми баяндамалар жасап, Абай шығармашылығының мәдениетаралық диалогтағы маңыздылығын ашып көрсетті.
Сәтбаев Университетінің ректоры Мейрам Бегентаевтың арнайы құттықтауын кафедра меңгерушісі табыстап, Әжінияз атындағы Нүкіс мемлекеттік педагогикалық институтында ашылғалы жатқан Әл-Фараби және Абай орталығының кітап қорына еліміздің Ғылым Академиясының негізін салушы Қаныш Сәтбаев шығармаларының жаңа шыққан бес томдық академиялық жинағын тарту етті.
Осындай іс-шараларға қатысу Сәтбаев Университетінің гуманитарлық ғылымды дамытуға, түркі халықтары арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға және ұлы ойшылдардың рухани мұрасына негізделген интеллектуалдық диалог кеңістігін қалыптастыруға ұмтылысын айқындайды.